maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

АҚИҚАТТЫ ҚАБЫЛДАМАУ – ТӘКӘППАРЛЫҚ ӘРІ ІБІЛІСТІҢ ҚАСИЕТІ

АҚИҚАТТЫ ҚАБЫЛДАМАУ – ТӘКӘППАРЛЫҚ ӘРІ ІБІЛІСТІҢ ҚАСИЕТІ

 Алла тағала қасиетті Құранда: «Жер бетінде тәкаппарланып жүрме! Сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың, таулардан да биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті жаман қылықтар болып саналады» (Исра 37).

«Біз ақырет жұртының нығметін тек жер бетінде астамшылдық қылуды және бүлік шығаруды қаламайтындарға ғана тиісті етеміз. Соңында тақуа құлдар бақытты болмақ» (Қасас 83) деп бұйырады.

 

Келесі бір аятта Алла тағала былай дейді:«Тәкәппарланып адамдарға қырын қарама және жер бетінде даңдайсып жүрме. Шынында Алла тағала даңдайсыған мақтаншақтарды сүймейді» (Лұқман 18). Қандай қатаң ескерту десеңізші.

Тәкаппарлық – пендені Алла тағаланың мейірімінен, рақымынан алыстататын жаман қасиет. Алла тағала Құран Кәрімде мұндай жаман қасиеттен - тәппарлықтан тыйды. Өйткені, тәкаппар пенде өзін өзгелерден абзал  және жоғары деп санайды. Ал бұл – тек Ұлы Аллаға ғана тән сипат.

Алла тағала тәкаппар адамды жалғыз өзіне тән сипатына ортақтасуға әрекеттенгені үшін сүймейді. Өйткені құдси хадисте Алла тағала: «Ұлылық та, тәкаппарлық та тек маған тән. Кімде-кім осы екеуінде маған ортақ болуға тырысса, оны отқа тастаймын», – дейді (Муслим). 

Алланың пайғамбары (с.ғ.с.) да тәкаппар адамдарды сүймеген. Сәләма ибн Акуаъ (р.а.) жеткізген хадисте бір адам Алланың елшісінің қасында сол қолымен тамақ жейді. Алланың елшісі оған: «Оң қолыңмен же!» деп насихат айтады. Әлгі адам: «Жей алмаймын» деп жауап береді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Жей алмай қал!» дейді. Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «ол тәкаппарланып оң қолымен жемеді» (Муслим) деді. Сәләма ибн Акуаъ (р.а.) ол бейбақтың сол уақыттан бастап, өмір бойы оң қолын аузына апара алмай қалғанын жеткізген.

         Алланың елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде тәкаппар адамның ақырының тым өкінішті болатындығы, яғни ондай адамның орны тозақ екендігі жайында хабар берген. Мұндай жағымсыз қасиет адам баласын ақыретте азапқа душар етеді. Алланың елшісінен (с.ғ.с.) жеткен хадистерде:

لاَ يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مَنْ كَانَ في قَلْبِهِ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ مِنْ كِبْرٍ

«Кімде-кімнің жүрегінде зәрредей тәкаппарлық болса, ол жәннатқа кірмейді» (Муслим).  (Зәрре дегеніміз - бөлмеге күннің сәулесі түскенде ауада қалқып жүретін тозаңның бір данасы).

أَلاَ أُخْبِرُكُمْ بِأَهْلِ النَّارِ كُلُّ عُتُلٍّ جَوَّاظٍ مُسْتَكْبِرٍ

«Сендерге тозақ тұрғындарының кімдер екенін айтайын ба? Олар қатыгездер, малдарын хайырлы істерге жұмсамайтын сараңдар мен тәкаппарлар» (Муттафақун алейһи).

 «Алла тағала қиямет күнінде тәкаппар адамға тіпті, назарын да салмайды» (Муттафақун алейһи)делінген. 

Неге? Себебі тәкаппар өзі үшін жақсы көрген нәрсені басқа мүминдер үшін жақсы көре алмайды. Сондай-ақ, ол кішіпейіл де бола алмайды. Ал кішіпейілділік – тақуа құлдардың басты ахлағы. Тәкаппар адам қызғаншақтық ауруынан құтыла алмайды. Әрдайым шынайы бола алмайды. Көркем әрі жұмсақ түрде насихат жасай алмайды, өзіне айтылған насихатты да қабыл етпейді. Адамдарды төмен санаудан және ғайбаттаудан арыла алмайды. Қысқасы, тәкаппар адамның нәпсісі «өзін өзгелерден жоғары көруді» қатты жақсы көргендіктен, соның жолында кез-келген жаман әрекетті істеуге мәжбүр болып тұрады. Ал жақсы амалдарды істеуге оның басқалардың алдында «кішірейіп қаламын» деген жалған намысы жібермейді. Осы себептен де, жүрегінде зәрредей тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кіре алмайды.

Тәкаппарлықтың жамандығы  -  пайдалы ілім алуға, ақиқатты қабыл етуге және ақиқатқа мойынсұнуға кедергі болады. Ол өзгелерді менсінбеуден, төмен санаудан туындайды. Алланың елшісі:«Тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау және адамдарды өзінен төмен санап, менсінбеу»(Муслим)деп түсіндірген. Яғни өзі де өзгелер секілді Алланың құлы бола тұра, оларды менсінбеу, төмен санау.  Бұл – тәкаппар пенде үшін бірінші апат болса, ақиқатты қабыл етпеу – екінші апат.

Кімде-кім өзін өзгелерден артық көрсе және бауырын өзінен төмен санаса немесе біле тұра ақиқатты қабылдамаса, тәкаппарлық қылғаны. Алланың хақысы болған нәрседе онымен таласқаны. Ұлылық, тәкаппарлық, үстемдік – бұл құдіретті жалғыз Аллаға ғана лайық қасиеттер. Ал пенде өз бетінше ешнәрсеге әлі жетпейтін қауқарсыз құл. Тәкаппарлану, өзін жоғары санау, өзгені менсінбеу оған қайдан жарассын?! Сондықтан, құлдың тәкаппарлануы Алладан басқаға лайық болмаған сипатпен Алламен таласуы болып табылады.

Кімде-кім Алланың қандай да бір құлынан ақиқатты естіп, оны қабыл етуден бас тартып жоққа шығарса, бұл өзін жоғары санап, өзгені менсінбегендігінен. Ол бұл әрекетке ақиқатқа мойынсұнбау үшін барады. Ал бұл кәпірлер мен мұнафиқтардың ахлағы болып табылады. Себебі, Алла тағала оларды қасиетті Құранда былай сипаттаған: «Кәпірлер «Мына Құранды тыңдамаңдар. Онда айтылғандарды жоққа шығарыңдар. Сонда бәлкім үстем боларсыңдар» (Фуссилат 26) дейді. Кімде-кімге біреу тарапынан өзіне анық ақиқат жетіп, алайда оны қабылдаудан қашса немесе ақиқатқа жету үшін емес, керісінше қарсыласынан үстем болу, тойтарыс беру үшін таласса, кәпірлерге тән мінезде олармен ортақ болғаны. Айтылып жатқан уағыз-насихатты құлақ салып тыңдауға «мен-мендігі» жібермей тұрған адам да солардың қатарынан болмақ.  Құранда:  «Егер оған Алладан қорық делінсе, тәкаппарлығы ұстап, күнәға бой алдырады. Тозақ оған жеткілікті» (Бақара 206) делінген.  

Адамды тәкаппарлыққа не итермелейді?

«Өзін өзгеден жоғарымын» деген адам ғана тәкаппарланады. Адам өзінің бойында бір кемелдік қасиет бар деп ойлағандықтан өзін жоғары санайды. Ол дінге немесе дүниеге қатысты болуы мүмкін. Дінге қатыстысы – ілім мен амал. Ал дүниеге қатыстылары – шыққан тегі, сұлулығы, күш-қуаты, малы және жақтастарының көп болуы.

Кейбір ілім ізденушілер жеткілікті деңгейде ілімге қол жеткізбей тұрып-ақ тәкаппарлыққа жол беріп қояды. Ілімнен кейбір нәрселер үйренген сайын өзін жоғары сезіне бастайды. Өзгелерді «надан, жәһил» деп өзінен төмен көре бастайды. Өзін Алланың алдында өзгелерден «жоғарымын, абзалмын» деп санайды.

Адамның ілімімен тәкаппарлануының себебі - іліммен шұғылданып жүргені үшін. Алайда, оның үйреніп жүргені шынайы ілім емес.  Шынайы ілім – құлға Раббысының кім екенін, өзінің кім екенін танытатын, Раббысымен жолыққанда жағдайының мүшкіл болатынын және содан сақтануды үйрететін ілім – нағыз ілім. Ал бұлар адам бойында тәкаппарлықты емес, керісінше қорқыныш пен кішіпейілдікті  қалыптастыру керек.  Алла тағала Құранда: «Шын мәнінде Алладан ғалым құлдары ғана қорқады» (Фатыр 28)деп бұйырады.

Адамның ілімімен тәкаппарлануының екінші себебі - ілім алуды нашар, жаман ахлақпен бастауы. Өйткені, ілім алу әуел баста нәпсі мен жүректі бойда сақталып қалған жаман мінездерден тазартумен басталған жоқ. Сол себепті, адам бойында жаман қасиеттердің тамыры сақталып тұрады. Ілім алуға бет бұрғанда жүрегіне жеткен ілімі таза емес, лас мекенге қонады. Сондықтан, оның беретін нәтижесі де жағымсыз болады. Жасаған істерінде ілімнің ізгілігі байқалмай тұрады.  Ғұлама Уаһб ибн Мунаббиһ мұны мына нәрсемен теңейді: «Ілім көктен жауған тап-таза, мөп-мөлдір әрі дәмі де жағымды жаңбыр іспетті. Оның суын жеміс ағаштары тамырлары арқылы бойларына сіңіреді. Сосын оны өз дәмдеріне қарай берген жемістерінде ащыға немесе тәттіге айналдырады.  Адамдардың жүректерінде сақтаған ілімдері де сондай. Тәкаппар адамға қонса, тәкаппарлығын арттырады, кішіпейіл адамға қонса, кішіпейілдігін арттырады. Өйткені, жәһил кезде оның көксегені тәкаппарлық болса, ілім алған кезде тәкаппарланатын нәрсеге қол жеткізіп, тәкаппарлығы одан әрі арта түседі. Ал егер ілімі болмаса да  Құдайдан қорқып жүрген пенде болса, алған ілімі оның қорқынышының бекерге емес екендігін қуаттап, одан әрі күшейте түседі» (Ғазали, Ихия-у улумид-дин).

Кейбіреулер өзінің амал-ғибадатын өзгенікімен салыстырып, тәкаппарлыққа салынады. Мұндай адамдар жасап жүрген амалдарын басқаларға міндетсінеді. Өзгелердің амалын өз амалынан азсынып, өзін олардан жоғары көре бастайды. Бұл қасиет оны өзін ақыретте құтылушы, ал өзгелерді құритындар ретінде көруге итермелейді. Шын мәнінде ондай адамның өзі ақыретте құритын болады. Алланың елшісі: «Егер біреудің адамдар құрыды дегенін естісеңдер, біліңдер, нағыз құрыған адам сол адамның өзі» (Муслим) деген. Бұл сөз оның өзгелерді өзінен төмен көретіндігін, ақыреттегі қауіптен аман қалатынына сенімді екендігін білдіреді. Негізінде мұндай адамға қауіп ретінде өзгені төмен көруінің өзі-ақ жетіп артылады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұл жайлы: «Бір мұсылман бауырын өзінен төмен санауы адам баласына күнә ретінде жеткілікті» (Әбу Дауыт)деген.

Асылында тәкаппарлық адам баласын ақыретте жан күйзелтер азапқа душар етсе, бұл дүниеде де сан соқтырып, опық жегізеді. Тәкаппарлардың бұл дүниедегі жазасы – аңдаусызда жердің түбіне жұтылып кету. Құран Кәрімде ғибрат ретінде Алланың берген ілімі және байлығына даңдайсып, тәкаппарланып кеткен Қарұнның мал-мүлкімен қоса жердің түбіне жұтылып кеткендігі баяндалады (Қасас 76-82).

Сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) Алла елшісінен жеткізген хадисінде былай делінген: «Бір адам өзі-өзіне тәнті болып, әдемі киімін киіп, шаштарын тарап,  даңдайсып жүріп келе жатады. Кенеттен Алла тағала оны жердің түбіне батырып жібереді. Ол қиямет күніне дейін жердің қараңғы тұңғиығына құлдилай бермек» (Муттафақун алейһи).

Тәкаппарлықтың бұл дүниедегі келесі бір жазасы – Алланың аяттарын түсінуден мақұрым қалу.Алла тағала Құран Кәрімде бұл туралы: «Жер бетінде орынсыз тәкаппарланғандарды аяттарымды түсінуден мақұрым етемін. Сосын олар, тіпті құдірет белгілеріміздің барлығын көрсе де иман келтірмейді. Тура жолды білсе де, онымен жүрмейді. Ал егер бұрыс жолды көрсе, соның артынан кетеді» (Ағраф 146)деп айтқан.

 Құрметті бауырлар! Алланың аяттары – ақиқат. Сірә, Құраннан асқан ақиқат сөз бар ма?! Алла тағала «Құранның ешбір жерінде жалған жоқ» (Фуссилат 42) екендігін анық айтқан. Демек, Алланың аяттарын түсінуден, ұғынудан мақұрым қалғандар, ақиқаттан мақұрым қалады. Бұл олардың тәкаппар мінездерінен туындап отыр. Себебі, тәкаппарлық адамның ақылы мен жүрегін бітеп қояды.

Тәкаппарлық – Аллаға қарсы жасалынған ең бірінші күнә. Бұл күнәні алғаш жасаған малғұн Ібіліс. Алла тағала Құран Кәрімде: «Періштелерге Адамға сәжде қылыңдар деп бұйырдық. Барлығы сәжде қылды, тек Ібіліс сәжде қылмады. Ал ол қарсы келіп, тәкаппарланды. Сөйтіп кәпірлерден болды» (Сад 74). Қандай да бір кісіде тәкаппарлық мінез болса, ол бейбақта шайтанның сипаты бар демек. Себебі, шайтан тәкаппарланып Алланың бұйрығына қарсы келді. Сол сияқты тәкаппар пенде де Құраннан, хадистен, сәләф ғұламалардың сөздерінен дәлел-дәйек келтірсең де қабыл етпей, қолдарын бір-ақ сілтейді. Тәкаппар мінезі ақиқаттың алдында кішіреюіне, ақиқатқа бас июіне жол бермейді. Пенденің бойындағы опық жегізетін ең жаман қасиет те міне – осы. Бұл Ібілістің, кәпірлер мен мұнафиқтардың бойындағы қасиет.

Ал Алланың салиқалы құлдары ақиқатқа дұшпан емес. Ғалымдардың бірі өз сөзінің қате, қарсыласының сөзі ақиқат екенін білген кезде: «Ақиқат пен менің арамда дұшпандық жоқ» деп қарсыласының сөзін мойындап, қабыл еткен екен. (әл-Мухасиби, Рисалатул-Мустаршидин).

Фудайл ибн Иядтан «кішіпейліділік деген не?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Ақиқатқа бас иіп мойынсұнып, тіпті оны кішкентай баладан немесе ең жәһил адамнан естісең де қабыл етуің» деп жауап берген (Ғазали, Ихия-у улумид-дин).

Әділ халифа Омар (р.а.) мінберге шығып, мәһір мөлшерінің тым өсіп кеткенін ескертіп: «Ешкім Алланың елшісінен хайырлы емес. Оның әйелдері мен қыздарының мәһірінен асырмаңдар» дейді. Сонда бір әйел тұрып: «Әй Омар, Алланың бергенін бізден тыймақпысың? Алла тағала Құран Кәрімде: «Жұбайларыңның біріне бір қоржын алтын берсеңдер де қайтарып алушы болмаңдар демей ме?» дегенде, «Әйел дұрыс айтты, Омар қателесті» деп халифа басымен ақиқатқа тәслім болады (Тафсиру ибн Касир).

Убайдулла ибн әл-Хасан әл-Анбари басралық алдыңғы қатарлы фақиһ ғұламардың бірі әрі сол жердің қазысы еді. Оның шәкірті Абдуррахман ибн Маһди ол жайлы былай дейді: «Бір күні біреудің жаназасында едік. Ұстазым Убайдулладан бір мәселе жайлы сұрған едім, қате жауап берді. Мен ол кезде жас едім. Оған «Алла сізді туралықтан айырмасын, ол мынадай емес пе?!» деп өзімнің білгенімді айттым. Ол кісі біраз ойланып тұрып, басын көтерді де: «Балақай, сенің айтқаның дұрыс. Мен кішірейсем де, бұл мәселеде сенің сөзіңді құптаймын. Мен үшін жалғанның басы болғаннан, ақиқаттың құйрығы болған  артық» (әл-Хиля/Ибн Найм, Тәһзибут-Таһзиб, ибн Хажар) деген екен.

Құрметті бауырлар! Өз-өзімізді кішіпейілділікке, кімнен естісекте ақиқатты қабыл етуге, ақиқатқа мойынсұнуға тәрбиелейік. Алланың құлдарына тәкаппарлық қылудан аулақ болайық. Тәкаппарлық өте қатерлі дерт.

Уа Раббымыз, нәпсімізге тақуалық бере гөр! Нәпсіміздің қожайыны да оны ең жақсы тазартушысы да бір өзіңсің! Нәпсімізді әртүрлі рухани дерттерден тазарта гөр! Бір өзіңе ғана құлшылық қыламыз әрі бір өзіңнен ғана жәрдем тілейміз. Бізді тура жолыңнан адастыра көрме! Әмин!

Ерғали Алпысбаев

Теолог, дінтанушы

Медиа

Жоғарыға