maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Бауыржан Оспанов: Өмірімде аузыма арақ та, сыра да, шампан да алып көрмеген адаммын

Бауыржан Оспанов: Өмірімде аузыма арақ та, сыра да, шампан да алып көрмеген адаммын

Миллионерлер мен қалталы азаматтар туралы әңгіме қозғалса,  халықтың екіұдай пікірде қалатыны рас. Бірі бизнесте тасы өрге домалаған тұлғаларға қызыға қараса, енді бірі мұндай табысқа жетудің тамырын әріден іздей бастайды.

Белгілі меценат, спорт жанашыры, Қазақстандағы үздік 50  бизнесменнің қатарына енген Бауыржан Оспановтың табысты әрі қайырымды болудың құпиясымен бөліскен сұхбаттын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

- Естуімізше, сіздің туған ауылыңызда арақ-шарапты аузына алатын адам жоқ деседі. Бұл рас па?

- Рас (күлді). Өзім өмірімде аузыма арақ та, сыра да, шампан да алып көрмеген адаммын. Темекіге де еш әуестігім болмапты. Осы өмір салтын әлі күнге дейін ұстанып келемін. Ауылға барған сайын спортқа икемді, білімге құштар балалардың көптігін байқайтынмын. Олардың ынта-жігеріне қарап, салауатты өмір салтын тек жастар жағы емес, үлкендер де ұстану керек деген ойға келдім. Ауылдағы дүкен иелері мен кәсіпкерлерге қосымша қаржы ұсынып, арақ-шарап өнімдерін сатпау туралы ұсыныс тастадық. Міне, бірнеше жылдан бері Жыланды ауылында алкогольді ішімдік  сатылмайды. Тегіс ауыл бас тартты. Енді көршілес Лепсі ауылы да осы жүйеге бет бұрып келеді. Қателеспесем, ол жақта аталған өнімдерді сататын бір ғана дүкен қалған сияқты. Ораза айында бұл ауылдағы дүкендер де алкогольді өнімдер сатуды тоқтатып қойған болатын.

 - Жалпы, қайырымдылық жасау, қолда бармен бөлісу сынды қасиет сізде бала күніңізден бар ма? Сізді адамдарға көмектесуге не итермелейді?

- Бұл ең бірінші кезекте отбасындағы тәрбиенің әсері. Ата-анамыз бізді қолда барды бөлісуге үйретті. Оның үстіне, ауылдықтардан осындай қайырымдылық пен қарапайымдылықты көріп өстік.  Бар нәрсені бөлісіп, халыққа көмектескеннен келер зиян жоқ. Мысалы, маған өз қажеттіліктерімді, өз отбасымның қажеттілігін өтеу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы керек. Ал қалғанын халықтың игілігіне жұмсағанды дұрыс санаймын. "Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін" дейді қазақ. Менің барлық қадамымды осы бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады.

 - Қазақтың қыз-жігіттері табысты болу үшін не істеу керек? Миллионер атанудың басты құпиясы неде?

- Табысты болудың басты құпиясы - білім мен еңбектің ұштасуы. Сол білім мен еңбекті қыз-жігіттеріміздің тезірек кәдеге жаратқаны жөн. Мен бірнәрсе өздігімен орындалып кететіндей, әлдебір ғажапты күтіп отыратын адамдарды түсінбеймін. Бизнесте де осылай.  Ештеңені күтпей, тәуекел еткен адамның еңбегі түбінде ақталары хақ. Маған да ақша аспаннан жауған жоқ. Барлығы да еңбектің арқасы. Менің нағашы атам: "Қазақта кедей жоқ, жалқаулар бар", - деп айтып кеткен екен. Міне, бізді кері тартатын нәрселердің бірі - жалқаулық. Осы әдеттен арылып, еңбектенген адамның түбінде табысқа кенелері анық.

 - Миллионер дегенде көз алдымызға қымбат яхтасымен теңізде демалып жүрген бай-бағландар елестейді. Солардың қатарына өзіңізді қойып көрдіңіз бе? Мүмкін сатып алған яхтаңыз да бар шығар...

- Мен жүздеген миллион долларға яхта сатып алған емеспін.  Маған мұндай салтанаттан гөрі өзім қолдап жіберген спортшылардың жүлде алып, оқушылардың пәндік олимпиадалардан жеңіспен оралғаны дұрыс. Былтыр біздің ауылдағы мектептен түлеп ұшқан оқушылардың 95 пайызы ҰБТ-дан жақсы ұпай жинап, грантқа түсті. Лепсідегі спорт-интернатты сегіз оқушы үздік, 42 бала екпінділер қатарында аяқтады. Ал Жыландыдағы физика-математика мектебін бітірген түлектер арасында Мәскеу университетіне атом саласын зерттеуге кеткендері бар. Менің мақсатым - осы қыз-жігіттердің ақылы оқуын төлеп бергенше, олардың тегін білім алуына жағдай жасау. Солардың өмірден өз орнын табуына көмектесу. Менің ұстанымдарым осындай.

Дереккөз: Nur.kz

Медиа

Жоғарыға