maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ислам тарихындағы «Ата Заң» – мемлекет басқарудың үздік үлгісі

Бүгінде плюрализмдік қоғам және ондағы қарым-қатынас жайында жиі айтылады. Өйткені қоғамның түрлі ұлт пен ұлыстардан, діндер мен сенімдерден тұратыны мәлім. Дегенмен, бұл мәселенің шешімін Ислам қоғамы ертеден тауып қойған. Бұған тарих куә. Мекке шаһарынан көшіп Мединеге келген Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жаңа мемлекеттің, Ислам мемлекетінің негізін қалау керек болды. Ал, бұл өлкеде Мединені жергілікті тұрақты мекеніне айналдырған яһуди, христиан, мүшриктер көп еді. Ол мемлекетті бөліп, мұсылмандарды оқшаулаған жоқ немесе өзге дін өкілдерін қудалаған жоқ. Керісінше бірінші кезекте өзге сенім  өкілдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір бүтін ету үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосуды көздеді. Сөйтіп парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» концепциясын іске асырды.

Толығырақ ...

Жат ағым – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер

Дінге қызыққан адам дін дегеніміз тұнып тұрған жақсылық деген оймен «рухани ұстаздың» айтқан уағызын ықыласпен қабылдайды. Ол үішн «ұстаздың» дінге қатысты айтқан әрбір сөзі шындық. Өйткені ол оның түсінігінде дін адамы ал, діндегі адам өтірік айтпайды. Қатарына адам тартып, қатарын көбейтуді көздеген теріс ағым өкілдері осынау «қағиданы» тиімді пайдаланады. Ол адамға күле қарап, имандылық, ізгілік, тақуалық, мейірім мен кешірім жайында көп айтып тыңдаушының сеніміне кіреді. Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысы мен ата-анасы, жора-жолдастарынан алыстатып, өздерімен пікірлес жамағатқа қосады. Ең бастысы, оның дүниетанымын өзгертеді, мемлекетке, ұлтқа, дәстүріне қайшы көзқарас қалыптастырады.

Толығырақ ...

Хазіреті Әлидің ұлына айтқан өсиеті

Өткен мақалаларымызда хазіреті Әлидің көркем мінезі, сахабалар арасындағы беделі туралы айтқан болатынбыз. Сондай-ақ, Әлидің «Әбу Сибтейн» (пайғамбардың (с.ғ.с.) екі немересінің әкесі) және оның ақылы мен парасаттылығына сай пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Баб әл-илм» деп атағаны жайында әңгіме өрбіткен едік. Хазіреті Әлидің «Әбу әл-Хасан» (Хасаннның әкесі) деген лақап аты да болды. Себебі, оның Ислам тарихынан белгілі болғандай Хасан мен Хусейн (Асан мен Үсен) атты екі ұлы бар еді. Бұл екеуіне (Хасан мен Хусейн) «жәннат жігіттері» деген есім де берілген. Әли сарайда халиф болса, отбасында ардақты әке.

Бір күні хазіреті Әли баласы Хасанға төрт нәрсе жайында мынадай өсиет айтады: «Құлыным! Менің үйретер төрт нәрсемді жадыңда ұста, төрт нәрсені есіңде сақта. Егер мұнымен амал жасайтын болсаң, саған еш зиян келмейді:

– Байлықтың асылы – ақыл,

– Кедейліктің жаманды – надандық,

– Жалғыздықтың жаманы – менмендік,

– Дүниенің құрметтісі – жақсы мінез-құлық».

Міне, ол отбасында осындай жанашыр әке болса, майдан алаңында дұшпанын ойсырата жеңген батыр еді. Хазіреті Әлидің батырлығы Бәдір соғысында да айқын көрінеді. Ол мұсылмандардың ішінен жекпе-жекке шыққан батырлардың бірі. Содан бастап барлық ғазауаттар (Пайғамбар (с.ғ.с.) қатысқан соғысты «ғазауат» деп атайды) соғыстарда алдыңғы шептен орын алып, жауына ойсырата соққы беріп жүреді. Ол қорқу, үрку, жауынан қаймығу дегенді білмеді.

Хандақ соғысында ор қазуға бар күшін салған Әли соғыс барысында мүшриктердің әйгілі батыры Әмір ибн Абдудты о дүниеге аттандырып, жеңіске қол жеткізеді. Әмірдің өлімінен кейін мүшриктердің беті қайтып қалады.

Бәни Надир соғысында яһудилер Ғазул атты ең мерген садақшыны пайғамбардың (с.ғ.с.) тұрған жерін атқылау үшін арнайы жасақтайды.  Ол бар күшін салып пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрған жерге оқ жаудыра бастайды. Оның оқтарының зияны тимес үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрған жерін өзгертеді. Ал Ғазул пайғамбардың (с.ғ.с.) ізіне түсіп, артынан қалмайды. Әли оның ісіне ашуланып, оны өлтіруге бел буады. Қасындағы сахабалармен бірге Ғазулге қарсы шабуыл жасап, оның басын алады. Мұсылмандар бұл жеңістен кейін біраз жеңілденіп қалады.

Әрине, хазіреті Әли тек майданда ғана жүрмеді. Ол кісі жоғарыда айтқанымыздай ғалым болды. Мысалы, шәкірттердің бірі хазіреті Әлиден сараң адам туралы сұрайды. Сонда Әли:

– Сараң байлығын жұмсамайды, қажетіне де жаратпайды, сөйтіп дүниеде бәрібір кедейге ұқсайды. Бірақ, ақыретте ол байлардың қатарында тұрады, есепті де солардай тапсырады. Осылайша, хазіреті Әли адамды сараң болмауға шақырады. Егер қолыңдағы дүниені, тіпті, өз қажетіңе де жұмсауға қимайтын болсаң, онда сен нағыз сараң болғаның. Ол дүниені жиғаннан не пайда? Бәрібір саған оның пайдасы жоқ, тек зияны бар. Бірақ, есесіне Қиямет күнінде Алланың алдында есеп-қисабын бере алмай тұрған бейшара байлардың қатарында тұрасың. Дәл солар сияқты өз теріңе тұншығып, соңғы бақырыңа дейін есеп бересің...

Қадірменді оқырман! Біз мақалаларымызда хазіреті Әлидің өмірінен үзінділер келтіре отырып, ол кісінің тақуалығы, дінге деген жанашырлығы, отбасындағы әкелік мейірімі мен майдан алаңындағы ерлігін туралы қасқаша айтып өттік. Өйткені хазіреті Әли туралы бір-екі мақала жазып тауысу мүмкін емес. Бұл арнайы үлкен кітапты қажет етеді. Тарих осындай ірі тұлғалардың ерліктері мен еңбектерінен құралады.

Сөз соңында Ислам тарихында әділдігімен қара қылды қақ жарған төрт халифтің соңғысы дей отырып, мақаламызды тәмамдаймыз.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Толығырақ ...

Ұлттық руханият пен діни құндылықтар сабақтастығы

Ұлттың тілі мен ділі және діні мен дәстүрі сынды ұғымдар ұлттық руханияттың мәні мен маңызы екеніне дау жоқ. Бұларды зерделеп, сақтап кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыс ету – бүгінгі күннің талабы. Жаһандану заманында алпауыт мәдениеттер мен өркениеттер арасында жоқ болып жұтылып кетпеу үшін аталмыш құндылықтарды (ұлттық тіл, діл, дін мен салт-дәстүр) сақтап қалуымыз қажет. Осындай жолмен ғана өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтап қала аламыз.

 Сол үшін ұлттың дүниетанымдық көзқарасын, өмірлік ұстанымын, өзіне тән бітім-болмысын, ішкі жан-дүниесін, тарихи мәдениетінің рухани негіздерін қайта жаңғыртып, дұрыс танып-білу аса қажет. Өйткені жер шарын мекен еткен сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өзіне ғана тән атадан балаға беріліп келе жатқан уақыт сынынан өткен дүниені тану, пәлсапалық ой жүгірту, дін ұстану, дұрыс өмір сүру сыңды өз дәстүрлері мен жолдары бар. Қазақ халқы өзіне осындай жолдардың ішінен мұсылманшылық жолын таңдап алды.

Белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов айтқандай: «Бізге келген Ислам діні арғы аталарымыздың тәңірлік әдет-ғұрпымен, халқымыздың менталитетімен табиғи үйлесіп кетеді. Біздің бұрынғы билеріміз: «Құдайдан қорықпаған ханнан қорықпайды, ханнан қорықпаған, заңнан қорықпайды», – дейді екен. Меніңше, табиғаттың дүлей күшімен ұдайы бетпе-бет келіп, тай-таласта жүрген көшпелі қазақтар қарапайым сезім-түйсігімен-ақ Құдайдың бір екеніне көзі жеткен. Халықтың көптеген ырымы, салт-санасы, дәстүрлері Құранның Аллаға мінәжәт ететін аяттарын еске түсіреді». Осылайша діліміз, салтымыз бен дәстүріміз медет тұтқан дініміз Исламмен біте қайнасты, діндегі кейбір араб сөздері тілімізге енді.

Ислам діні – ғаламдық мәдениет пен өркениет жолы. Ислам қандай болсын ұлтқа, дін өкілдеріне қарсы шықпайды және басқаларды бірлікке шақырады. Қайта олармен әлеуметтік деңгейде жақсы қатынаста болуға шықырады. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Бұл ұстанымның түсіндірмесі – тағдыр концепциясы, яғни, болмыс (Құдай Тағала бізді осылай түрлі нәсілдерге бөліп жаратты). «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» (49: 13).

Құран аяттарында айтылғандай Алланың Өзі адам баласын ұлттар, ұлыстар, тайпалар етіп жаратты. Демек адам оны өзгерте алмайды. Оны өзгертуге адамны құқығы жоқ, қауқары да жетпейді. Сондықтан да мұсылман ғалымдары осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, адамдардың ұлттарға, тайпаларға бөлінуі ақыр заманға дейін жалғаспақ деп сенеді.

Мұны қағида етіп ұстанған Ислам діні ешбір ұлтты басқа ұлттан үстем, бір нәсілді басқа нәсілден жоғары, бір текті келесі тектен артық немесе жақсырақ деп санамайды.  Бұған қатысты Мұхаммед пайғамбардың да (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар: «Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма, әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше болады ма? Артықшылық тек – тақуалық пен жақсылықта ғана болады!». Сөйтіп, Исламда адамның тегі мен нәсіліне қарағанда рухани жақындық пен тақуалық бірінші орынға тұр.

Өміршеңдігі мың жарым жылдық тәжірибемен дәлелденген ислам этикасы орасан зор өркениеттің негізі. Мұндағы әдептілік қағидалары, жақсылық пен жамандық анықтамалары, ізгілік, мейірім мен жұмсақтық, кешірім, қайырымдылық, жомарттық, үлкенге құрмет кішіге ізет, ата-ана қадірі, үй алма көрші ал, кісі ақысы, құдайы қонақ, дүние мен ақырет, сауап пен обал, жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару сынды адамгершілік құндылықтар мен діни ұғымдар қазақ халқының ділінде, салты мен дәстүрінде берік орын тепкен. Оның жан дүниесін байытып, халықтан шыққан абыз даналар, ұлы ойшылдарға «кемел адам» бейнесін сомдатты.

«Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын?» – деп жырлаған Абай атамыздың қара сөздеріндегі «адам бол», «толық адам» ұғымдары дін Исламдағы «инсанун кәмилун» (кемел адам) тұжырымдамасын түсіндіреді. Исламдағы кемел адам – рухани бай адам. Ол өзгеге жамандық ойламайды, жетімді жылатпайды, кісінің ақысын жемейді, үлкеннен бата, ата-анадан разылық алады. Жарына адал, досқа берік, жарлыға жәрдем береді, кішіге құрмет қылады, аманатқа қиянат жасамайды, сөзінде тұрады, отанды сүйеді және т.б. Бір сөзбен айтқанда, әрбір адам – жақсы көретін үлгілі тұлға.

Дін Исламның құндылықтары, мұсылман әлемі мәдениетінің өзегі және мұсылман үмбетінің ар-ұжданының айнасы. Ислам жай ғана ережелер жиынтығы ғана емес, оның ішінде жүздеген ұлттар мен этностардың мәдениеттері мен дәстүрлері бар.  Ислам діні – мәдени дәстүр ретінде жер бетіндегі ұлттардың этникалық болмысын жоққа шығармайды, керісінше, оны қамтып жатады. Жергілікті халықтың дініне айналған Ислам сол елдің салты мен дәстүрін алып, ділімен біте қайнасады. Мысалы, жоғарыда аталған адамгершілік құндылықтар мен діни ұғымдардың барлығы да толық қазақ халқының ділінде бар дүниетаным. Бұл – ұлттық діл мен діни құндылықтардың өзара үйлесімдігіне, олардың біте қайнасып жатқанына  айқын дәлел.

 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

 философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу