maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Ғибрат» интеллектуалды сайысы ең үздік топты таңдады

Ағымдағы жылдың 18 сәуір күні  Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық талдау орталығының әлеуметтік тапсырысы аясында «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  «Ғибрат» атты интеллектуалдық сайысы өтті.

Толығырақ ...

ҰЛЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТКЕН САХАБА

«Сендердің балаларың да, байлықтарың да сынақ деп біліңдер» (Әнфәл, 8)

 

Бір күні Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) қасына ұлын ертіп базарға барады. Ол екеуі киім сатушының алдына келіп, Әли:

– Сенде бес дирһамға келетін көйлек бар ма? – деп сұрайды. Сатушы:

– Иә – деп мүміндердің әмірі Әлиге екі көйлекті ұсынады: біріншісі үш дирһам, екіншісі екі дирһам тұратын еді.

Әли үш дирһамды көйлекті ұлына беріп, екі дирһам көйлекті өзіне қалдырады. Мұны көрген ұлы әкесіне қарап:

– Уа, мүміндердің әмірі! Мына көйлекті өзіңіз алыңыз. Сіз мінбеге шығасыз, халыққа насихат айтасыз, – дейді.

Имам Әли (р.а.):

– Мен Әлимін. Мен, мінбеге көтерілемін, халыққа уағыз жеткіземін. Ал, сен жас жігітсің. Сенде жастықтың шаттығы бар. Мен өзімді сенен артық көруге Раббымнан ұяламын. Күмәнсіз, мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Оларды өздерің киген киімнен киіндіріңдер, оларға өздерің азықтанатын тағамнан беріңдер», – деп айтқанын есіттім, – дейді.

 

Тәмсіл тәлімі

 

Ер адамның өз отбасына, бала-шағасына қамқорлық жасауы қажет. Өйткені, ата-ана отбасы үшін жауапты. Ибн Омар (р.ғ.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) келесі хадисін риуаят етеді: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де  бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар» (Бұхари).

Әңгімеден көргеніміздей хазіреті Әли (р.а.) ұлының «Не үшін жақсы көйлекті маған бердіңіз?», –деген сұрағына:

– Күмәнсіз, мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Оларды өздерің киген киімнен киіндіріңдер, оларға өздерің азықтанатын тағамнан беріңдер», – деп айтққанын есіттім – деген жауап береді. Демек, Әли өзінің отбасы үшін жауапты екенін түсініп, осылай жасады. Сондай-ақ, Құранға және пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисіне сәйкес амал етті. Алла тағала Құранда былай әмір еткен: «Адам баласы үшін әйел-аналар, балалар, алтын күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді» (Әли Имран: 14).

«Бірде келдейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да сендерді де қоректендіреміз» (Исра, 31).

Екіншіден, ата-ана баласына үлгі болып, жақсы тірбие беруі керек. Баланың бойына жас кезінен адамгершілік, үлкенге құрмет – кішіге ізет сияқты көркем мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға күш салады. Егер өсіп келе жатқан балаға дөрекі сөйлеп немесе қараусыз қалдырса, бұл көп жағдайда мінездің бұзылуына мұрындық болады. Әсіресе, балаға жалған сөйлемеген жөн. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел. Абдулла ибн Амир (р.ғ.) былай дейді:

«Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырған кезде анам:

– Бері келе ғой, бірдеңе беремін, – деп мені шақырып алды.

Мұны көрген Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Оған не бермекші едіңіз? – деп сұрады.

Анам:

– Бір түйір құрма бермекші едім, – деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді, – деді» (Әбу Дәуіт).

Сәби кезінен өтірікпен өскен бала, ержеткен соң өтірікші, іші тар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты бойында жарамсыз қасиеттері бар азаматқа айналуы мүмкін. Бұдан сақтанудың жолы  –  балаға көркем тәрбие беру.

Үшіншіден, бала-шағаны мейірім мен махаббатқа бөлеу керек.

Әбу Һурайра (р.а.) мына хадисті риуаят етеді:

«Алланың елшісі (с.ғ.с.) немересі Хасанды еркелетіп, сүйген еді. Сол уақытта оның қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған болатын. 

Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұндай махаббатын көрген Ақрағ:

– Расында менің он балам бар. Олардың бірін де сүймедім, – деп айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап:

– Кім рахымды болмаса, оған рахымдылық бұйырмайды, – дейді» (Бұхари).

Хадистер меңзегендей, егер кім бала-шағасына, басқаларға мейірімді болмаса, оған да Алланың мейірімі бола қоймас. Баланы ақылды, иманды әрі инабатты етіп тәрбиелеу үшін ата-ананың махаббаты ауадай қажет.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Толығырақ ...

Хазіреті Әлидің көркем мінезі

Хазіреті Әли – Ислам тарихында өзіндік орны бар әйгілі сахабалардың бірі. Әли – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күйеу баласы. Дәлірек айтқанда, Әли пайғамбардың (с.ғ.с.) Фатима есімді қызын өзіне өмірлік жар етті. Қазақта «пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген мәшһүр сөз бар. Міне, осы сөз дәл Әлиден бастау алады. Мұсылман дүниесінде хазіреті Әлидің есімін естімеген пенде кем шығар. Ол кісінің бойындағы шынайы мұсылманға тән ерекшеліктері, исламды тарқату, мемлекет құру, басшылық ету жолындағы ерліктерін айтып тауысу қиын. Осы мақаламызда хазіреті Әлидің көркем мінезінің кейбір тұстарын ерекшеліктерін сөз етпекпіз.

Әли – ең алғашқы Ислам дінін қабылдаған жас (10-11 жаста) бала,  пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннатқа кіресіңдер деп сүйінші сұраған атақты тақуалығымен мәшһүр он сахабаның бірі. Оның тақуалығы, әділдігі мен қайырымдылығы  мұсылмандарға үлгі.

Төрт әділ халифаның төртіншісі – Әли ибн Әбу Талибтің тақуалығын, батырлығы мен жомарттығын айтпасқа болмас. Ол кісі жәннатты өзі үшін емес, әуелі қасындағы бауырлары үшін сұрайтын. Бұған мына оқиға куә болады:

Бір күні Омар ибн Хаттаб (р.а.) Алланың елшісіне (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың елшісі! Әли мені көрген уақытта, маған бірінші болып сәлем бермейді.Ол менің оған сәлем бергенімді күтіп тұрады, – деп Әлидің (р.а.) үстіне шағым айта келеді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) Әли ибн Әбу Талибты өзіне шақырады. Кейін:

– Ей, Әли! Сен Омарды көрген кезіңде неге оған бірінші болып сәлем бермейсің?» – деп оның себебін сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.):

– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Мен сіздің: «Кім бауырына бірінші болып сәлем берсе, Алла оған жәннаттан бір қасыр көтереді», – деп айтқаныңызды естіген едім. Сондықтан мен Омар маған бірінші болып сәлем беріп,  жаннаттағы сарайға ие болуын қалаймын. Сондықтан оны көрсем де маған бірінші болып сәлем беруін күтемін, – деп жауап береді.

Осы шағын ғана хикаядан хазіреті Әлидің тақуалығын, өзгеге деген жанашырлығын көруге болады.

Мұнда хазіреті Әли Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Кім бауырына бірінші болып сәлем берсе, Алла оған жәннаттан бір қасыр көтереді», – деген сөзін естіп, Омар үшін жәннаттан бір сарай болуын қалаған. Сол себепті Омармен кездескен шағында Әли оның бірінші сәлем беруін күтіп тұрған. Өйткені, пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар:

«Өздерің жақсы көргенді  бауырың үшін де жақсы көрмейінше сендер толық иман келтірмейсіңдер». Хадисті Әнас ибн Мәлик келтірген (Бұхари, Мүслим). Сондықтан да Әли өзіне қалаған жәннаттағы сарайды хазіреті Омар үшін де қалады. Иманы кемел мұсылман осылай жасайды...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Толығырақ ...

Хазіреті Әлидің батырлығы

Өткен еңбектерімізде хазіреті Әлидің өмірінен үзінділер келтіре отырып, ол кісінің мұсылмандар үшін үлгі болатындай ерекше қасиеттері туралы айтқан едік. Бұл шағын мақаламызда да Әлидің сипаттары туралы әңгімемізді әрі жалғастырамыз.

Әли жастайынан аты шыққан батыр болатын. Әли балиғат жасына толмастан ерлігімен танылды, шашына ақ түспей тұрып данышпан атанды. Бұлай дейтініміз, пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина шаһарына һижрет ететін кезінде таң ата төсектен тұрып, орнына жас Әлиді жатқызады да, үстін жауып кетті. Пайғамбарды (с.ғ.с.) өлтіруге келген құрайыштықтар төсекті ашып, ол жерде Мұхаммед (с.ғ.с.) емес, Әлидің жатқанын көреді. Яғни, олар төсекті ашпастан, бүркеніп жатқан пайғамбар екен деп, дереу өлтіре салулары әбден мүмкін еді. Бұл жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін білсе де, Әли пайғамбардың төсегіне жатып, қауіпті өзіне алды. Бұл жерде жас Әлидің ерлігін көреміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жас Әлидің осындай батыр кенін білгендіктен оған жауапты әрі маңызды істі тапсырды. Бұған қоса Меккеде қалған Әли мүшріктердің пайғамбарға (с.ғ.с.) сеніп қалдырған аманаттарын табыс етуі керек еді.

Расында, оның бұл дүниедегі ең абзал да, ардақты ұстазы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болды. Әлидің басқалардан ерекшелігі ешқашан пұттарға тағзым еткен емес. Әли жомарттығымен танылған мұсылман.

Бірде Әли ибн Әбу Талибтің (р.а.) есігінің алдына бір қайыршы келеді. Әли өзінің ұлы Хасанға:

– Анаңа барып: Әкем сізге алты дирһам берген екен. Соның бір дирһамын берсін, – деп айта ғой дейді.

Хасан анасына барып келеді де Әлиге:

– Анам сіз ол дирһамдарды ұн сатып алу үшін берген деп айтты – дейді.

Әли (р.а.) күлімсіреп:

– Пенденің қолындағы мал, Алланың сенімді қолына өтпейінше иманы расталмайды. Құлыным, анаңа маған алты дирһамды беріп жіберсін деп айта ғой, – дейді.

Фатима анамыз (р.а.) Әлидің айтқанындай қолындағы алты дирһамды қайыршыға береді. Қайыршы кеткен соң, артынша Әлидің ауласына түйесін сатқалы жүрген бір адам келеді.

Әли (р.а.) оған:

– Ей, достым! Түйені қаншаға сатқалы жүрсің? – деп сұрақ қояды.

Түйенің иесі:

– Жүз қырық дирһамға сатамын, – дейді.

Әли (р.а.):

– Түйені маған сат, бірақ ақшасын сегіз күннен кейін алып кетсең болады ма? – деп өтініш білдіреді. Түйенің иесі бұған келіседі. Әли түйені алып, ауласына байлап қояды.

Арада біраз уақыт өтпей-ақ, бір адам байлаулы тұрған түйеге қызығып:

– Мына түйе кімдікі? – деп сұрайды.

Әли (р.а.):

– Бұл менің түйем, – дейді.

Түйге қызыққан кісі:

– Сатасың ба? – деп сұрайды.

Әли (р.а.):

– Иә.

 Түйені алушы адам:

– Қаншаға бересің? – деп ойын білдірді.

Әли (р.а.):

– Екі жүз дирһамға сатамын – деді.

Әлгі кісі:

– Олай болса түйеңді мен аламын – деп Әлиге екі жүз дирһам ұстатып түйені алып кетеді.

Әли (р.а.) жүз қырық дирһамды түйенің иесіне, ал қалған алпыс дирһамды Фатима анамызға беріп жатып:

– Фатима, бұл Алла тағаланың: «Кімде-кім бір жақсылық істесе, оған он есе болып қайтарылады», – деп пайғамбарға (с.ғ.с.) айтқызып, берген уәдесінің орындалуы, – дейді.

Бұл оқиға хазіреті Әлидің жомарттығына айғақ. Хазіреті Әли отбасына ұн аламыз деп сақтап отырған соңғы алты дирһамын қайыршының қолына ұстата салды. Өзі азыққа мұқтаж бола отыра дирһамын Аллаға тәуекел етіп, өзінен асқан мұқтаж адамға берді. Әрине, мұның есесіне Алла тағала Әлидің берген садақасын бірнеше есе етіп қайтарды...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Толығырақ ...

Әлиді сынаған он яһуди (Үшінші бөлім)

Бұдан бұрынғы мақалаларымызда хазіреті Әли туралы, оның көркем мінезі, басқалармен қарым-қатынасы сияқты т.б. тұлғалық ерекшеліктері туралы баян еткен едік. Әлидің бойында кейінгі мұсылмандар үшін үлгі боларлық көркем сипаттар бар еді. Бұл – біздерге үлгі-өнеге. Өкінішке орай, бүгінде бізге осындай көркем мінез жетіспей жатады. Қоғамымызда ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін, мұсылмандық өнеге ұмыт болмасын деген ниетпен бұл мақаламызда хазіреті Әлидің өмірінен үзінділер келтіре отырып, шынайы мұсылманның бойында болуы тиіс ізгі қасиеттерді ашып көрсетуге тырысамыз.

Сонымен, Әли халық арасында бірнеше есіммен танымал еді: оның ең біріншісі, «Әбу Сибтейн» деген лақап аты болды, яғни, (пайғамбардың (с.ғ.с.) екі немересінің әкесі) деген мағынаны білдіреді; Пайғамбар (с.ғ.с.) Әлидің зирек, алғыр әрі даналығы үшін «Баб әл-илм» (білімнің есігі, қақпасы) деп атаған. Әлидің білгірлігіне қатысты мына оқиғаны мысал етсек те болады:

Бір күні Әлидің білімін сынау үшін әрі оның қаншалық «Баб әл-илм» (білімнің қақпасы) есіміне лайық екенін байқау үшін алдына он яһуди (еврей) келеді. Олардың бір сұрағы ғана бар еді, ол: «Білім артық па, байлық артық па?».

Сонда Әли бір сұрақпен келген он адамға он түрлі жауап береді.

– Білім артық, өйткені, білім пайғамбарлардан қалған мирас, байлық –бақылдардан қалған мұра.

– Білімдінің жанында адал достар көп, ал бай адамның досы аз болады.

– Білім досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.

– Білімді қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсаған сайын  азая түседі.

– Білім сені қориды, ал байлықты сен қорисың.

– Білімдіге ел қызығады, байды ел қызғанады.

– Білімге есеп-қисаптың керегі жоқ, байлық есепті қажет етеді.

– Білім бұзылмайды, дүние-мал ескіреді.

– Білім, кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық сараңдық пен қомағайлығыңды молайтады.

– Білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, - деп хазіреті Әли осылайша өзінің даналығын көрсеткен екен.

Хазіреті Әлидің келесі лақап аты, «Әбу Тураб» (топырақтың әкесі). Оны бұлай деп атаған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі екен. Бұған қатысты мынадай оқиға болған:

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлидің үйіне келіп, қызы Фатима анамыздан:

– Әли қайда? – деп сұрайды. Фатима анамыз:

– Біз екеуміз жанжалдасып қалып едік. Ол маған өкпелеп, күндіз үйде ұйықтамаймын деп сыртқа шығып кетті, – дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) «Әлиді тауып кел деп», – деп оны бір кісіге іздетіп жібереді. Біраздан соң әлгі адам келіп, Әлидің мешітте ұйықтап жатқанын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітке барса, Әлидің үстіндегі жамылышы түсіп қап, шаңға былғанып ұйықтап жатыр екен. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) Әлидің шағын қағып:

– Ей, топырақтың әкесі тұра ғой! Топырақтың егесі, тұра ғой! – деп оны ұйқысынан оятады. Сол сәттен бастап Әлиді адамдар «Әбу тураб» (топырақтың әкесі) деп атап кетеді.

Бұл оқиғадан ді біз Әлидің қарапайымдылығын көреміз. Әрине, Әлидің бойындағы осындай тапқырлық, батырлық, кішіпейлдік, жомарттық, мейірім сияқты т.б. ізгі қасиеттерінің қалыптасуына пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей тәрбиесі ықпал етті. Себебі, Мұхаммед (с.ғ.с.) – «көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін келген» пайғамбар. Халық Әлиді осындай қасиеттері үшін жақсы көрді...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Толығырақ ...

Жүректің ашық әрі жасырын садақасы

Кішкене ғана ауылда бір ұста өмір сүрген екен. Ол ағаштан ойып небір заттар жасайтын еді. Ол ағаш тақтайларға әдемілеп суреттер оятын да оны қымбат бағада сатып күн көретін. 

Бір күні шеберханаға сол ауылда тұратын кедей қарт келеді. «Тынбай жасап жүрген ісіңнің табысы да жақсы, алайда табысың көп бола тұра кедей-кепшікке көмек бермейсің. Ана қасапшыға қарашы, жалақысы аз болса да күн сайын бір тілім ет болса да мұқтажға береді»,- дейді.

Ұста әлгі кісіге қарап үнсіз тұра береді. Аузынан сөз ала алмаған қарт ашуланып шығып кетеді.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу