maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Мушәббиһә және мужәссимә ағымы

Мушәббиһә және мужәссимә ағымы

Орта ғасырда шыққан адасушы ағымдардың бірі – мушәббиһә және мужәссимә. Бұл екі ағым негізінен бір сенім аясында әрекет етті. Сол себепті екі ағымның ортақ сенімдеріне қарап, бір ағым ретінде қарастырамыз. Мушәббиһә «ұқсату, теңеу» деген ұғымды білдіреді.

Яғни Алланы жаратылған мақлұқатқа, әсіресе адамға ұқсатушыларға берілген атау. Ал мужәссимә «тән беру, пішіндеу, форма беру» деген ұғымды білдіреді[1].

Бұл ағым негізінен сәбәия, баяния, муғирия, мансурия, хаттабия, хишамия, юнисия, мушәббиһә, ибраһимия және кәррамия атты ұсақ діни топ жағынан бастау алып, бұлардың жалпы есімі ретінде мушәббихә, мужәссимә деп атаған[2].

Құранда мағынасы ұғынықты (мухкәм) аяттар басым болғанымен, кейбір аяттың мағынасы құпия екенін жоғарыда айтып өттік. Оны Құран тілімен «мутәшабиһ» деп атайды. Өкінішке орай, жоғарыда айтып өткеніміздей муғтазилиттер секілді адасушы ағымдар мұндай аяттарға қисынсыз мағына беруге тырысты. Сонымен қатар кейбір аят пен хадистерде Алланы сипаттары арқылы танытады және мәжаз (астарлы) мағынасымен қолданады. Мәселен, «Сад» сүресінің 75-аятында былай дейді:

 قَالَ يَا إِبْلِيسُ مَا مَنَعَكَ أَن تَسْجُدَ لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَيَّ أَسْتَكْبَرْتَ أَمْ كُنتَ مِنَ الْعَالِينَ

 «Алла: Ей, Ібіліс! Мен өз ядиммен[3] (құдіретіммен) жаратқан адамыма сәжде жасауыңа не кедергі болып тұр? Паңсынғаның ба, әлде биік мәртебелі болғандығың ба? – деді».  Мұндай аятты тура мағынасында қабылдамау керек. Себебі еріксіз түрде «Алланың қолы бар ма, бар болса қандай, адам қолына ұқсай ма, әлде қалай?» деген сұрақтар қойыла бермек. Құранның кейбір аяты астарлы мағынада айтылғандықтан, міндетіміз – айтылғанға сену, оны тәпсірлеу емес.

Ал мужәссимәлықтар осындай аяттар мен хадистерді жинап, Аллаға пішін беріп, ұғымдарды қисынсыз қалыпқа салушы ағым болды. Христиандар мен яһудилер секілді мұсылмандар арасында да Алланы мақлұқатқа ұқсату мен Оған тәндік сипат берушілер әу баста осылай пайда бола бастады. Бұлай дейтініміз, христиандар Исаны құдайдың баласы деп шатасса, яһудилер Яқуб пайғамбар Алламен күресіп, құдайды жеңген, Алла аспан мен жерді алты күнде жаратты, жетінші күні демалды деу арқылы Жаратушыны адамға теңеді. Осындай адасқан сенімдегі шиит Һишам ибн Хакам, Һишам ибн Салим секілді жандар Аллаға пішін мен тәндік сипат беріп, Ол бір мекеннен басқа бір мекенге бара алады, көктен түседі, көтеріледі, мекені бар деп күпірлік етті. Олар өздерінің бұл сенімдерін Құран аяты мен Пайғамбар (с.а.у.) хадисінде айтылған сөздерге сілтеме жасады[4]. Мысалы, Құранда «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде», «Алланың тағы бар», «Алла бәрін естиді, көреді» деген аяттар бар. Тіпті, хадистерде Алланың қуанатындығы, жүретіндігі, ашуланатындығы, түннің соңғы үштен бір бөлігінде көк қабатына түсетіндігі айтылады. Міне олар осындай аят пен хадистерді тікелей мағынасында қолданып, Алланы мақлұқаттардағы ерекшелік пен тәндік қасиеттерге балап түсіндірді.

Атақты ғалым Мұхаммед Абдулкәрим әш-Шәһристани «әл-Миләл уән-нихал» (Діндер мен ағымдар) атты еңбегінде мушәббиһә мен мужәссимә ағым өкілдерінің Алла жайындағы сенімдерін зерттей келе олардың күпірлік еткендігін баяндайды. Яғни олар:

1. Алланың затын (болмысын) мақлұқаттың болмысына теңеген;

2. Алланың сипаттарын мақлұқаттың сипаттарына ұқсаттқан.

Енді осы екі сенімге тоқталып өтейік. Әуелі Алланың затын (болмысын) мақлұқаттың болмысына теңеу мәселесі ғұлат шииттерінен бастау алады. Ғұлат (шектен тыс кетуші) шииттер Хазіреті Алиге құдай деп табынбақ болады. Сонда Хазіреті Али олардың мұндай сорақы ісі үшін бірнешеуін отқа жағып жазалауға бел буады. Олардың біреуі Хазіреті Алидің бұл ісіне қарап: «Енді сенің құдай екеніңді білдік. Өйткені құдайдан басқа ешкім отпен жазаламайды», – дейді. Бұл сөзді естіген Хазіреті Али өртеуден бас тартып, тек жер аудартумен шектеледі. Осыдан бастап олар Алланы түрлі теңеумен түсіндіруге көшеді.

Адасушы мушәббиһә мен мужәссимәнің сенімдері расында да барып тұрған күпірлік. Олардың сенімдерінде Алланы ұстап көру, Онымен қол алысып амандасуға болады. Шынайы, ықыласты мұсылман бұл дүние мен ақыретте Алламен құшақтасып көріседі. Бұл өмірде Алланы көруге, Оны зиярат етуге болады[5]. Дауд әл-Жауариби есімді адасушы: «Маған Алланың сақалынан басқа не сұрасаңдар да сұраңдар», – деп Ұлы Жаратушыны түрлі мақлұқатқа теңеуге тырысқан. Оның сипаттаған құдайы тәннен, ет пен қаннан тұрады, қол аяғы, тілі, екі көзі мен екі құлағы бар деп түсіндіріледі[6].

Бұл аздай кейбір шектен шыққан мұсылмандар индуизм мен буддизмдегі «аватара», яғни құдайдың адам бейнесіне ену сенімін ұстанып, Алла менің тәніме кірді, мен Алламын деп те шықты. Тіпті, алысқа ұзамай-ақ Алматы облысынан шыққан Фархат Абдуллаев есімді адам өзін құдаймын деп, халықты емдеу ісімен айналысқанын жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Күнге табынып, халықты емдеп, өзін құдайға теңеген Фархаттың о дүниеге қарапайым адамдай өткені белгілі.

Мужәссимә мен мушәббиһәнің сенімінде Алланың қалауы пенденің қалауы секілді және Аллаһтың сөзі пенденің сөзі секілді әріп пен дыбыстан тұрады. Алланың субути сипаттары (тұрақты сипаттары) о баста белгілі болмаған, кейін болған деуде.

Мушәббиһә мен мужәссимә ағымдары адасқан ағым болып табылады. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде  «لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ «Ләйсә кәмислиһи шайун» (Еш нәрсе Ол сияқты емес) (42.Шура сүресі, 11-аят) және                «وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُواً أَحَدٌ Әрі Оның ешқандай теңдесі жоқ» (112.Ықылас сүресі, 4-аят) деп, Өзінің ешқандай жаратылысқа ұқсамайтындығын анық айтқан. Түйіндей айтсақ, Жаратқанды жаратылғандардай сипаттау – барып тұрған күпірлік. Сол себептен халифалар оларды қыспаққа алған. Әһлу сүннет ғалымдары олардың адасушылықтарын қатты сынаған. Нәтижесінде аталған ағым тарих сахнасынан біржолата жойылып кеткен.

 

[1] Klavuz S.A., Köten A., Çetin O., Algül H. Din kültürü ve ahlak bilgisi, 88-бет.

[2] Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi, Mezhepler arasındaki farklar, 169-172-бет.

[3] يد  - «яд» араб тілінде қол деген мағынаны білдіреді. Алайда аятта сөздің тікелей мағынасымен қолдану дұрыс болмайды.

[4] Мuhammed Abdulkerim es-Şehristani, ж.к.е., 108-бет.

[5] Олар мынадай хадистерді тікелей мағынасында түсініп, қолданады: «Ұлы Жаратушы Аллаһ қияметте: «Әй, адам баласы! Мен ауырған кезде сен мені неге зиярат етпедің (көңілімді сұрамадың)»,- дейді. Құл болса: «Ей, Раббым! Сен бүкіл әлемнің Раббысы бола тұра мен сені қалайша зиярат ете аламын»,- деп жауап береді. Сонда Аллаһ Тағала: «Сен білмейтін бе едің, менің пәленше деген құлым науқастанғанда сен оны зиярат етпеген едің, егер сен оны зиярат еткеніңде әлбетте Мені соның қасынан табар едің»,- деп айтады» (Муслим, Бирр уәсилә 43).

[6] Мuhammed Abdulkerim es-Şehristani, ж.к.е., 108-109-бет.

 Дереккөз: www.fatua.kz

 

Медиа

Жоғарыға