maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Құрбан шалу тарихының бастау арналары

Құрбан шалу тарихының бастау арналары

«Құрбан» – құлшылықпен Аллаға жақындау деген мағынаны білдіреді.

Құрбандық шалу тек қана мал союмен ғана шектеліп қоймайды. Бұл құлшылықта адамның шын пейілі мен ниеті, тақуалығы, діни бұйрықтарға деген бекемдігімен қатар, адамзатқа деген жанашырлығы әділет таразысына тартылып, пенденің жомарттығы мен сараңдығы қоса сыналатын аса маңызды ғибадат.

 

Құрбан шалудың тарихы:

Құрбан шалу тарихы Адам (а.с.) атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың құрбандығынан бастау алады. Құранда баян етілгендей Адам (а.с.) атаның қос ұлы ниеттерінің тазалығын дәлелдеу үшін құрбанға мал шалады. Аталған құрбандық шалынған соң, Абылдың құрбандығы қабыл етіледі. Бұл жайлы Құранда: «Мұхаммед: Оларға Адам атаның екі ұлының әңгімесін бұлжытпай оқып бер. Өз кезінде, олар құрбан шалған еді, бірінікі қабыл болды, бірінікі қабыл болмады...»[1].

Міне, адамзат тарихындағы алғашқы құрбандық осылай шалынады. Осы оқиғадан бастау алған құрбан шалу араға ғасырлар салып, Ибраһим мен (а.с.) Исмаилдың (а.с.) дәуіріне келіп жетеді. Ибраһим (а.с.) түсінде жалғыз ұрпағы болған Исмаилды (а.с.) құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Бұл түс ойына маза бермеген соң, тәуекел етіп ұлы Исмаилға түсін айтады. «Балам, түсімде Алланың бұйрығымен сені құрбандық шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екенмін. Бұған не дерсің?» - дейді. Баласы әкесінің жүзіне тесіле қараған күйі: «Әке, еш тартынба! Хақ тағаланың бұйрығын не болса да орында. Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет!» - деп әке мен бала бұйрықтың Ұлы жаратушыдан келгенін ұғынды.

 Осы әмірді орындау үшін әке баласын бауыздауға алып келеді. Сөйтіп, бауыздағалы қолына пышағын алып, ұлының тамағын  кесер кезде пышақ өтпей қалады. «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз»[2]. Осылайша құрбан шалу құлшылығы Ибраһим (а.с.) кезінде қажылықтың бір шарты ретінде сүннет амалға айналды. Соңғы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) келуімен құрбан шалу қажылықтың рәсімі ғана емес, барша мұсылманның ортақ құлшылығына болып бекітілді.[3]

Құрбан шалу құлшылығы хижраның екінші жылы, яғни 624 жылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үмметіне бұйырылды. Құрбандық шалу еліміздегі кеңінен тараған Абу Ханифа мәзһабы бойынша шамасы жеткен әрбір адам үшін уәжіб[4]. Бұл жайлы Құранда: «...Намаз оқы және құрбан шал...»[5]- деп бұйырады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын», «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол – Ибраһим әкелеріңнің сүннеті»[6] деп өсиет айтуы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдірсе керек.

Құрбандық кімдерге парыз?

Құрбандық шалу ғибадаты белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар талап етіледі:

  • Мұсылман болуы
  • Жолаушы болмауы
  • Ақылды және балиғат жасына толуы
  • Негізгі қажеттерден тыс нисаб мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Құрбандық шалудың пайдалары:

  • Құрбан шалу – Алла бұйрығы. Жаратушының бұйрығын бұлжытпай орындау, Алланың разылығына бөлеп, қияметте сый-сияпатқа кенелтеді.
  • Адам бойында табылатын тәкаппарлық, өзімшілдік, сараңдық, сондай-ақ, дүниеқоңыздық сынды ерсі қасиеттерді жояды.
  • Қоғамда әлеуметтік тұрақтылық қалыптасады.
  • Адамдар арасындағы мұқтаждықты жойып, мейірімділікке жетелейді.

 

Мұрат Мұстафаев

 

 



[1]Мәйда сүресі 5/27 аят

[2]Құрбан айт кітапшасы 2007 ж.

[3]www.karar.comсайты

[5]Кәусар сүресі 108/2 аят

[6]Сахих Бұхари 3 том

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Зекет – Исламның көпірі
Жоғарыға