maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Бақара сүресіндегі алғашқы бес аяттың тәпсірі

Бақара сүресіндегі алғашқы бес аяттың тәпсірі

Бақара сүресінің артықшылықтары

 Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бақара сүресінің артықшылықтарына байланысты төмендегідей хадистерді келтіреді: «Құраннан ұзақ қалып, үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. Біліп қойыңдар! Шайтан Бақара сүресі оқылған үйден қашады» (Мүслим); «Бақара сүресін оқыңдар. Өйткені, оны оқу береке әкеледі. Ал, оны тәрк ету өкініш, қайғы әкеледі. Оған сиқыршылардың күші жетпейді» (Мүслим).

 

Сүредегі алғашқы бес аяттың қазақша мағынасы

 

  1. Әлиф Ләм Мим (Бұл әріптердің ұғымын бір Алла ғана біледі).
  2. Бұл кітапта ешбір күмән жоқ. Ол тақуа құлдарға тура жол көрсету үшін түсірілді.
  3. Тақуа құлдар ғайыпқа иман келтіреді, намаздарын толық орындайды және өздеріне рызық ретінде бергендеріміздің бір бөлігін (Алла разылығы үшін) жұмсайды. 
  4. Сондай-ақ, олар саған түсірілген Құранға да, саған дейін түсірілген қасиетті кітаптарға да нық сеніммен сенеді.
  5. Міне солар – Раббыларынан келген тура жолда жүрушілер. Міне, солар – нағыз құтылушылар.

Тәпсірі

«Әлиф Ләм Мим» тәпсір ілімінде «әл-хуруфуль-муқатаъа» деп аталатын және әрқайсысы жеке-жеке оқылатын әріптер болып табылады. Құран Кәрімнің жиырма тоғыз сүресі осы тектес әріптермен басталады. Олардың кейбірі сүре басында өз алдына жеке бір аят болып келсе, ал кейбірі аяттың бір бөлігі болып келеді. «Әл-Хуруфуль-Муқаттаъа» Құран Кәрімнің муташабиһ аяттарынан болып саналады. Яғни, бұл әріптердің қандай мағына білдіретінін Алла мен Елшісінен (с.ғ.с.) басқа ешкім нақты біле алмайды. Дегенмен тәпсірші ғалымдар мұндай әріптердің қандай мақсатта келтірілгендігі және қандай ұғымды білдіретіндігі туралы бірнеше пікірді алға тартқан. Солардың ең бастылары мыналар:

-         Алла тағала кейбір сүрелерді осындай әріптермен бастай отырып, Құран Кәрімнің мәні мен мазмұнына назар аударуды, оның жаратылғандардың сөзі емес екендігіне ишара етуді және адамдарды шамалары келсе, Құранның ең қысқа сүресіне ұқсас бір сүре әкелуге шақыруды көздегендей. Алла тағала осы тәріздес әріптерді келтіру арқылы өздеріне Құран түскен арабтарға: «Құран Кәрім өздерің көріп және естіп жүрген мына әріптерден құралған сөздер мен сөйлемдерден тұрады. Олай болса, шамаларың жетсе сендер де осы әріптерді қолдана отырып, Құранға ұқсас бір кітап жасаңдар!» деп қасиетті Құранның ешбір пенденің сөзі теңесе алмайтын Алланың кәләмі екендігін дәлелдеуді көздейді.

-         Әл-Хуруфуль-Муқаттаъа Алла мен Елшісі (с.ғ.с.) арасындағы жасырын сөздер. Олардың мағынасын тек Алла мен Елшісі (с.ғ.с.) ғана біледі.

-         Алла тағала бұған дейін еш кездеспеген мұндай жеке-жеке оқылатын әріптермен тыңдаушының назарын Құран Кәрімге аударуды көздейді.

-         Алла тағала сүрелердің мазмұны мен мағынасына назар аудару үшін бұл әріптермен ант ішеді.

Алла тағала адамдардың назарын аударатын мағынасы құпия әріптермен бастағаннан кейін Құран Кәрімнің үш ерекшелігіне тоқталып өтеді:

Біріншісі: Қасиетті Құран – қамтыған мағынасы, үкімдері, ғибратты қиссалары тұрғысынан ешқандай кемшілігі жоқ, мазмұны толық кемел кітап. Оған тең келетін ешбір кітап жоқ.

Екіншісі: Құран Кәрімнің сөздеріне назар қойып зер салған кісі оның Алладан келген ақиқат кітап екендігіне күмәнсіз иланады.

Үшіншісі: Қасиетті Құран тақуа мүмин пенделер үшін һидаят пен тура жолдың қайнаркөзі. Тақуа пенделер – Алланың бұйрықтарын орындау және тыйған нәрселерінен тыйылу арқылы Алланың ашу-ызасы мен азабынан сақтанушылар. Міне, тек солар ғана Құран Кәрім сөздеріне жіті мән берушілер.

Сосын Алла тағала Құран Кәрімнің үкімдеріне құлақ асушы тақуа құлдардың төрт түрлі ерекшеліктері туралы баяндайды:

Бірінші: Бұл тақуа құлдардың ерекшелігі Құран Кәрімде хабар берілген өлгеннен кейін қайта тірілу, есеп-қисап, сырат көпірі, жәннат пен тозақ сияқты ғайып әлемге сеніп, иман келтіреді. Олар ақиқат дүниелерді қабылдау мәселесінде тек көзбен көретін, сезім мүшелерімен сезіп-білетін мәселелермен ғана шектеліп қалмайды. Керісінше, Алланың бар және бір екендігі, рух, періште, жын және т.б. хақиқаты, шынайы болмысы бізге беймәлім басқа да әлемдер мен болмыстардың бар екендігіне иланып, сенеді.

Екінші: Сондай-ақ, олар рүкіндерін, шарттарын және әдептерін сақтап, шынайы ықыласпен және бойларын қорқу сезімі билеген күйде Аллаға құлшылық қылады, намаз оқиды. Себебі, аяттардың мағынасына ой жүгіртпестен, ықылассыз оқылған Құран мен қорқу сезімінсіз оқылған намаз жансыз тән іспеттес.

Үшінші: Тақуа мүминдердің келесі бір ерекшелігі - Алланың берген рызық-несібесінен Алла жолында жұмсайды. Олар Алланың берген мал-мүлкінен өздеріне парыз болған зекеттерін береді. Сонымен бірге, нәпіл садақалар да бере отырып, қайырымдылық жасайды. Малдарын өзге де жоқ-жітік, мұқтаж жандармен бөліседі. Олардың осындай қайырлы амалдарының себебімен қоғамда әлеуметтік мұқтаждық пен қиындық азаяды. Осылайша олар өздерінің мал-дүниелерін әртүрлі күмән мен кірлерден және пақыр-міскіндердің ақыларынан тазартады.

Төртінші: Тақуа пенделер Хазреті Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) түскен Құранмен бірге одан бұрын келген пайғамбарларға түсірілген кітаптарға да иман келтіреді. Сондай-ақ, олар күмәнсіз о дүниеде қайтадан тірілуге, Алланың алдында есеп беруге, сырат көпірі, жәннат және тозаққа шүбәсіз иман келтіреді.  

 

Аталған аяттардан алынатын үкімдер мен хикметтер

 

-         Қасиетті Құранда баяндалған Алланың заты, періштелер, ақырет әлемі сияқты сезім мүшелерімен сезініп-түйсіне алмайтын ғайып дүниелерге шүбәсіз иман келтіру міндетті.

-         Иман пендені намазды толық орындау, Алла жолында мал-дүниесінен жұмсау, мұқтаждар мен жоқ-жітіктерге көмектесу сияқты ізгі амалдар жасауға жетелеуі тиіс.

-         Алла тағаланың түсіргендеріне иман бөлшектенуді, яғни олардың біріне иман келтіріп, біріне келтірмеуді қабыл етпейді. Сондықтан, Алла тағаланың Құран Кәрімде түсірген барлық аяттарына жеке-жеке (тафсили), ал одан бұрын түсірілген қасиетті кітаптар мен парақтарға жалпы (ижмали) түрде иман келтіру міндетті.

-         Жоғарыдағы аяттар мүминдерді тақуалыққа шақыруда. Тақуалық – діннің талаптарына қарама-қайшы амал жасаудан қорқу, сақтану дегенді білдіреді. Тақуалық күллі жақсылықты қамтиды. Сондықтан Алла тағала бұрынғы үмметке де, кейінгілерге де тақуалықты бұйырған.  Әбу Дәрда (р.а.) айтқандай «Адам баласының қол жеткізген ең бағалы дүниесі – тақуалық».

-         Аятта баяндалған мүмин пендеге тән сипаттарды өз бойында қалыптастыра білген кісіге Құран Кәрім һидаят пен тура жолдың нұсқаушысы болмақ. Құран көрсеткен жолдан шықпаған пенде ақиретте азаптан құтылады, бұл дүниеде бақыт пен тыныштыққа кенеледі.

Тәпсірші ғалым Мужаһидтің айтуы бойынша Бақара сүресінің бастапқы төрт аяты – мүминдердің сипаттары, одан кейінгі екі аят –  кәпірлердің сипаттары, кейінгі он үш аят – мұнафиқ, яғни екіжүзділердің сипаттары жайлы баяндайды. 

 

 

 

Ерғали Алпысбаев,

Мармара Университетінің PhDдокторанты

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Әз-Зухайли, әт-Тафсирул-Мунир, Бақара сүресі 1 т.
  2. Ас-Сабуни, Сафуатут-Тафасир, Бақара сүресі 1 т.
  3. Челик Ө., Кураны Керим Меали ве Тефсири, 1 т.

 

 

Медиа

Жоғарыға