maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Аятул-күрси аятының тәпсірі

Аятул-күрси аятының тәпсірі

Аятул-Күрси аятының артықшылығы

Бұл аяттың «Аятул-Күрси» деп аталуы аят ішіндегі «Күрси» сөзімен байланысты. Алланың Күрсісі – Оның ілімі, құдіреті деген мағыналарды білдіреді.

 Аятул-Күрси Құранның ең ұлы аяты болып есептеледі. Бұл жайлы хадисте баяндалған. Мүслим риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахаба Убай ибн Каъбтан (р.а.) «Алланың кітабындағы ең ұлы аят қайсы аят?» деп сұрайды. Убай ибн Каъб «Аятул-Күрси» деп жауап береді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оның жауабына риза болып, ілімін мақтап, ілтипат білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде «Сөздің ең ұлысы – Құран. Құранның ең ұлысы – Бақара сүресі. Бақара сүресінің ең ұлысы – Аятул-Күрси» деген.

Ал, келесі бір хадисінде: «Кімде-кім әрбір парыз намаздың соңынан Аятул-Күрсиді оқитын болса, оның жәннатқа кіруіне тек өлім ғана кедергі болмақ» делінген (Нәсәй, Табарани). 

Аяттың қазақша мағынасы 

255. Алладан басқа құлшылыққа лайық ешбір құдай жоқ. Ол – мәңгі тірі және күллі әлемнің басқарушысы. Қалғып, мүлгімейді, ұйықтамайды. Көктер мен жердегі барлық нәрсе Оның мүлкі. Оның рұқсатынсыз құзырында кім шапағат ете алмақ?! Ол құлдарының келешегі мен өткенін жақсы біледі. Пенделер Алланың қалауынсыз Оның ілімінен ешбір нәрсені біліп, түсіне алмайды. Оның Күрсісі көктер мен жерді қамтып тұр. Ол екеуін (көк пен жерді) қорғау Оған ешқандай қиындық туғызбайды. Ол аса жоғары, аса ұлы.

Аяттың тәпсірі 

Барлық жаратылыстың жаратушысы – Алла тағала. Күллі әлемде Алладан басқа ғибадат қылуға лайық ешбір құдай жоқ. Ол – біреу, Ол –  жалғыз. Ол ешкімге, еш нәрсеге мұқтаж емес. Барлық нәрсе Оған мұқтаж. Алла – күллі болмыстың қожайыны. Ешқашан өлмейді, мәңгі тірі. «Оның құдіретімен аспан мен жердің тіреусіз тұруы Алланың белгілерінен» (Рум, 25) деген аятта баяндалып өткендей, Ол – күллі жаратылыстың істерін бақылап, басқарушы. Заты, сипаттары және істері тұрғысынан Оған еш нәрсе ұқсамайды. Құран Кәрімде бұл жайлы «Оған ұқсайтын ешнәрсе жоқ. Ол барлық нәрсені естуші,  көруші» (Шура, 11) деп айтылған.

Ұлы Алла қалғып, мүлгімейді де, ұйықтамайды да. Ол күндіз-түні жаратылғандардың істерін бақылап, басқарады. Бұл сөйлем алдыңғы сөйлемнің мағынасын қуаттайды. Яғни, Алланың тірі болуының кемшіліксіз, кемел және мәңгі екендігін қуаттап тұр. Әбу Муса әл-Ашғари жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Күмәнсіз Алла ұйықтамайды. Ұйықтау Оған жараспайды да. Ол таразыны көтеріп, түсіреді. Күндіз жасалған амалдар түнде жасалған амалдардан бұрын, түнде жасалған амалдар күндіз жасалған амалдардан бұрын Оған көтеріліп тұрады. Оның пердесі – нұр, жалын. Егер оны ашатын болса, жүзінің нұры жанары түскен барлық жерді күйдіріп жібереді» (Мүслим).

Алла тағаланың рұқсатынсыз құзырында ешбір жанның шапағат ету құқығының болмауы – Оның ұлықтығы мен ұлылығының дәлелі. Табынған пұттарының өздеріне шапағат ететіндігіне иланған мүшріктер ойлағандай шапағат ету оп-оңай қол жеткізетін дүние емес. Алла рұқсат бермейінше, Оның құзырында ешкім ешкімге титтей де болса шапағат ете алмайды. «Көктерде қаншама періштелер бар, міне солардың шапағаттары тек Алланың рұқсатымен ғана Өзі қалап және разы болғандарға пайда келтіреді» (ән-Нәжім, 26). Әнәс ибн Мәлик жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Қияметте Алланың аршысының астына келіп сәждеге жығыламын. Алла мені қалағанынша сәждеде жатқызады. Біраз уақыт өткен соң маған «Басыңды көтер. Айта ғой! Сөзің тыңдалады. Сұра! Сұрағаның беріледі. Шапағат ет! Шапағатың қабыл болады» деп айтылады. Сосын мен «Раббым! Үмметім, үмметім» деп айтамын. Маған белгілі бір мөлшер қойылады. Мен сол адамдарды шапағат етіп жәннатқа кіргіземін» (Бұхари). Міне, жоғарыда келтірілген аят пен хадис – қиямет күнінде жалғыз Алланың билік жүргізіп, патшалық ететіндігінің дәлелді айғағы.

Алла тағала шексіз ілімімен күлі әлемде болып кеткен, болып жатқан және болатын дүниелердің барлығын толық қамтып біледі. Бұ дүние мен ақирет істерінен толық хабардар. Ешбір нәрсе Оның ілімінің тысында қалып қоймайды.

Хызыр (а.с.) бір құстың тұмсығын теңізге батырып су ішіп жатқанын көріп Мұсаға (а.с.) «Мына құстың тұмсығымен алған суы теңіз суының жанында қандай болса, менің ілімім мен сенің ілімің де Алланың ілімінің жанында тап сондай» деген екен. Сол айтқандай, Алланың өзі қалап, білдірмегенше ешкім Алланың ілімінен ешнәрсе біле алмайды.

Ұлы Алланың мүлкі мен құдіреті шексіз, барлық нәрсені қамтиды. Сондықтан аспан мен жерді ұстап тұру, басқару және қорғау Алла үшін түкке де тұрмайды. Өйткені, Алла – ұлы әрі құдіретті. Қиямет күні жер Оның уысында болса, ал көк аспан оң жағында бүктеліп, ораулы тұрады (Зұмар, 67). Оның ілімі көктер мен жердегі барлық нәрсені қамтиды. Ол үлкенді-кішілі, ашық-жасырын барлық нәрсені дерлік біледі. Бір нәрсені естуі басқа бір нәрсені естуіне, бір іспен шұғылдануы басқа бір іспен шұғылдануына әсте кедергі болмайды. Оған ешнәрсе қиынға соқпайды.

Ерғали АЛПЫСБАЕВ,

Мармара университетінің PhDдокторанты

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Әз-Зухайли, әт-Тафсирул-Мунир, Бақара сүресі 1 т.
  2. Ас-Сабуни, Сафуатут-Тафасир, Бақара сүресі 1 т.
  3. Челик Ө., Кураны Керим Меали ве Тефсири, 1 т.

 

Медиа

Жоғарыға