maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Бақара сүресінің соңғы екі аятының (285-286) тәпсірі

Бақара сүресінің соңғы екі аятының (285-286) тәпсірі

Аяттардың қазақша мағынасы

285Пайғамбар (с.ғ.с.) Раббысынан өзіне түсірілгенге иман келтірді. Мүминдер де иман келтірді. Олардың барлығы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман келтірді. Олар: «Біз ешбір пайғамбардың арасын бөлмейміз.

Естідік те, мойынсұндық. Уа Раббымыз! Кешіріміңді тілейміз. Бір өзіңе ғана ораламыз» деді.

286Алла пендеге тек шамасы жететін нәрсені ғана жүктейді. Оның істеген жақсылығы өзінің пайдасына, ал жамандығы зиянына. Уа Раббымыз! Егер ұмытып қалсақ немесе қателессек, бізді жауапқа тарта көрме. Уа Раббымыз! Бізден бұрынғыларға ауыр жүк жүктегеніңдей бізге ауыр жүк жүктей көрме. Уа Раббымыз! Бізге әліміз келмейтін нәрсені жүктеме. Бізді ғафу ет, кешіре гөр. Бізге мейіріміңді түсір. Сен біздің Иемізсің. Кәпір қауымға қарсы бізге жәрдем ет!

 

Түсу себебі

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.у.): «Көктер мен жердегі барлық нәрсе бір Алланың мүлкі. Көкейлеріңдегіні жария етсеңдер де, жасырып іштеріңде сақтасаңдар да, Алла бәрібір онымен сендерді жауапқа тартады» (Бақара, 284) деген аят түскенде сахабалар бұған (яғни ойымызға келген әрбір нәрсе үшін жауап береміз бе?, деп) қатты алаңдайды. Олар Хазреті Пайғамбарға (с.а.у.) келіп: «Уа Алланың елшісі! Бізге намаз, ораза, Алла жолында күрес және садақа сияқты күшіміз жететін амалдар жүктелді. Алайда, Алла тағала мына аятты түсірді. Біздің бұған шамамыз келмейді ғой» деп алаңдаушылықтартын жеткізді. Сонда Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендер де сендерден бұрыңғы кітап иелері сияқты «естідік те, қарсы келдік» деп айтпақшысыңдар ма? Жоқ, оның орнына «Естідік те, бойұсындық. Кешіріміңді тілейміз. Уа Раббымыз! Бір өзіңе ғана ораламыз» деп айтыңдар» дейді.

Сахабалар Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан сөзді қайталап, тілдері соған машықтанған сәтте Алла тағала «Пайғамбар (с.ғ.с.) Раббысынан өзіне түсірілгенге иман келтірді. Мүминдер де иман келтірді...»деген аятты түсірді. Олар бұған бойұсынған кезде Алла тағала әлгі аяттың үкімін жойып, «Алла пендесіне тек шамасы жететін нәрсені ғана жүктейді» деген аятты түсірді (Ахмад, Мүслим).

Аяттардың артықшылығы

Бұл екі аяттың артықшылығына байланысты Хазреті Пайғамбардан (с.ғ.с.) бірнеше хадис риуаят етілген. Олардың бірнешеуіне тоқталып өтейік:

Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) айтуы бойынша Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім түнде Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқыса, ол оған жеткілікті» (Бұхари).

Әбу Зәрдың (р.а.) айтуы бойынша Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Бақара сүресінің соңғы аяттары маған Арштың астындағы қазынадан берілді. Олар маған дейін ешбір пайғамбарға берілген емес» (Ахмад).

Ибн Мардуяһ сахаба Алидің (р.а.) мына бір сөзін жеткізген: «Исламды жақсы түсінген адамды Аятул-Курси мен Бақара сүресінің соңғы аяттарын оқымай жатады деп ойламаймын. Себебі бұлар Хазреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Арштың астындағы қазынадан берілген (Ибн Касир).

Ибн Аббастың (р.а.) айтуы бойынша Алланың елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштемен бірге болған кезінде жоғарыдан бір дауыс естиді. Жәбірейіл періште көзін жоғарыға қаратып: «Бұл аспандағы осы күнге дейін еш ашылмаған қақпа» дейді. Сол қақпадан бір періште түсіп, Хазреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасына келеді де «Сүйінші! Саған сенен алдын ешбір пайғамбарға берілмеген екі нұр – Фатиха сүресі мен Бақара сүресінің соңғы аяттарын әкелдім. Бұлардың қайсы бірінен бір әріп оқитын болсаң, міндетті түрде саған (аяттағы тілек-дұғалар) беріледі» дейді (Мүслим).

Аяттардың тәпсірі мен түсінігі

Алла тағала Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) мен мүминдердің ақида/сенім негіздеріне иман келтіргендері туралы хабар беруде. Алла тағала тарапынан елшісінің (с.ғ.с.) жүрегіне түсірілген ақида негіздері мен шариғат үкімдерін Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі де, онымен бірге мүминдер де күмәнсіз растап, қабыл етті. Әл-Хакимнің риуаят етуі бойынша Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) өзіне осы аят түскенде өзін меңзей отырып, «иман келтіруі оның міндеті» деп айтқан деседі (Мустадрак).

Барлығы түгелдей Алланың бар және жалғыз екендігіне, Ұлы Жаратушының жаратылысты жаратуында үлкен сыр мен хикметтің жатқандығына, Алла мен оның елшілері арасында уахи/хабар жеткізу сияқты бірқатар міндеттерді атқаратын періштелердің бар екендігіне иман келтірді. Сондай-ақ, адамдарға тура жолды көрсету үшін өздеріне кітаптар мен парақшалар түсірілген елші-пайғамбарларға ешбірін бөліп-жармай, «елшілік (рисалат) және шариғат енгізу (ташриъ) тұрғысынан барлық пайғамбардың дәрежесі бірдей» деп иман келтірді. Күллі пайғамбардың миссиясы бір. Ол – адамдарды Алланың бар және бір екенін мойындауға және көркем мінез-құлыққа шақыру. Осы тұрғыдан алғанда кейбір пайғамбарға иман келтіріп, ал кейбірін жоққа шығаратын әһлі кітап иелерінен мұсылман үмметінің артық тұратындығы анық.

Мүминдер «бізге Алланың елшісі (с.ғ.с.) уахиды жеткізді. Біз оны есітіп, көкейімізге түйіп алдық, түсініп қабыл еттік. Алланың бұйрықтарына бас иіп, бойұсындық. Себебі, Алланың әрбір бұйрығы мен тыйымы бізді бұ дүниеде де, о дүниеде де бақытқа жетелейді деп нық сенеміз» деді.

Олар «Біздің жағдайымыздың не болары сенің әміріңде. Түбінде бір өзіңе ғана ораламыз. Бізге қалағаныңды жасайсың» деп Алла тағалаға жалбарынып, кешірім тілеуде. Істеп қойған күнә, қателіктерін осы дүниеде жауып, жасыруын және о дүниде де жазаламауын сұрауда.

Жәбірейіл періште Хазреті Пайғамбарға (с.ғ.с.) «Алла тағала сені және үмметіңді өте мақтады. Сұра! Сұрағаның беріледі» деді. Сонда Алланың елшісі: (с.ғ.с.) «Алла пендесіне тек шамасы жететін нәрсені ғана жүктейді...» деген аятты оқып, ондағы тілектердің берілуін сұрады.

Алла тағала ешбір пендеге әлі келмейтін нәрсені жүктемейді. Бұл Алла тағаланың құлдарына деген мейірімі мен жанашырлығынан туындаса керек.

Жоғарыда берілген аят Ұлы Алланың «көкейлеріңдегіні жария қылсаңдар да, жасырсаңдар да Алла сендерді онымен жауапқа тартады» деген аятындағы мүминдердің қорқып, алаңдауына себеп болған нәрсені баяндап беруде. Яғни, бұл - егер Алла тағала шын мәнінде сендерді жауапқа тартып, есеп алатын болса, осылай есеп алады дегенге саяды. Алайда, Ол пенденің бойын аулақ ұстай алатын және өзін тежеуге шамасы келетін нәрселерді істегені үшін ғана жазалайды. Ал мүлдем арылуға күші жетпейтін, көкейді мазалап тұратын нәпсінің уәсуәсәсі мен ішкі сөздері үшін жауапқа тартпайды. Дегенмен кенеттен көкейде пайда болатын уәсуәсәні жек көру имандылықтан.

Шамадан тыс міндеттердің жүктелмейтіндігі, керісінше жеңіл міндеттер жүктелгендігі Құран Кәрімнің бірнеше аятында баяндалған. Мысалы: «Алла тағала сендерге жеңілдік қалайды. Қиындық қаламайды» (Бақара, 185), «Сендерге дінде ешбір қиындық жаратқан жоқ» (Хаж, 78) деген аяттар.

Пенденің нәпсісіне тән, шама-шарқы жететіндей деңгейде орындай алатын жақсы және жаман амалдар бар. Жақсы амалы үшін оған сауап, ал жаман амалы үшін жаза беріледі.

Жамандық істеу адамның болмысы мен табиғатына қайшы келетіндіктен өзін мәжбүрлеуді, ождан қиындығына төзуді, алдын алу шараларын жоспарлауды, яғни қосымша күш жұмсауды қажет етеді. Ал жақсылық жасау болса, артық күш жұмсауды керек етпейді. Себебі, Алла тағала адам баласының табиғатын жақсылыққа бейім етіп жаратқан. Адам жақсылық жасаған сайын оның ішкі жан дүниесі тыныштық тауып, рахат күй кешеді. Жақсылық жасау үшін қорқып алаңдау немесе алдын алу шараларын ойластырып, бас қатыру қажет емес. Адам баласы ішкі жан-дүниесін жамандықтан тазартып, Жаратушысының алдында өзін әлсіз, шарасыз, қияметте әрбір жасаған ісі үшін есеп беретінін, сондықтан да ақтық күнде Оған мұқтаж болатынын сезінген сайын жақсылық жасауға ұмтылып отырады.

Кейін Алла тағала құлдарына мына дұғаны жасауды үйретті. Тіпті, Ұлы Жаратушымыз бұл дұғаны қабыл етуді өз міндетіне алған-ды. Ол мына дұға: «Уа Раббымыз! Егер ұмытып қалсақ немесе қателессек бізді жауапқа тарта көрме». Мұның мағынасы: «Егер бір парызды ұмытып қалсақ немесе ұмытып бір харам іс істеп қойсақ, я болмаса шариғатта көрсетілген қағидалардан бейхабар бір істі қате істеп қойсақ, бізді жазалай көрме». Бұған Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Алла тағала маған үмметімнің қателесіп, ұмытып және біреудің зорлық көрсетуімен істеген күнәларын кешірді» (Ибн Мәжә, әл-Байхақи, ат-Табарани және әл-Хаким) деген хадисі дәлел болмақ.

Уа Раббымыз! Бізден бұрынғыларға ауыр жүк жүктегеніңдей бізге ауыр жүк жүктей көрме. Яғни, бұрынғы өткен үмметке жүктегеніңдей бізге шамамыз жететін болса да ауыр міндеттер жүктей көрме! Мысалы Исрайл ұрпақтарының шариғатында тәубе етуші адамның тәубесі өзін өлтіруімен ғана қабыл болатын. Сондай-ақ, оларға малдың төртте бірінен зекет беру парыз болды. Киімге нәжіс тисе, сол жерді кесіп тастау міндеттелді. Ал Хазреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) шариғатында болса жеңілдік пен кеңшілік бар. Себебі, ол - күллі адамзатқа сый ретінде тарту етілген рақымдылық пайғамбары. Әл-Хатибтың риуаяты бойынша сахаба Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Мен ширктен ұзақ, кеңшіл, хақ дінмен жіберілдім» деп айтқанын жеткізген.

Уа Раббымыз! Бізге әліміз келмейтін нәрселерді де жүктей көрме. Яғни, арқалай алмайтын міндеттерді жүктеме. Шамамыз жетпейтін қиындық және ауыр сынақтармен сынай көрме. Тек Өзіңе ғана мәлім болып, жасырын істеген кемшілік, қателіктеріміз үшін бізді ғафу ет! Өзге құлдарыңмен болған мәмілемізде істеген күнәларымыз үшін бізді кешіре ғөр! Біздің істеген жаман істерімізді өзге құлдарыңнан жасыра гөр! Келешекте де бізді рақымыңа бөле! Бізге тауфиқ беріп бойымызды күнәдан аулақ ет!

Сен біздің иемізсің, патшамызсың, жәрдемшімізсің! Бір өзіңе ғана тәуекел етеміз. Бір өзіңнен жәрдем сұраймыз. Сүйенеріміз тек өзің ғанасың! Бізде Сенің бергеніңнен басқа ешбір қуат та, күш те жоқ.

Кәпір қауымға қарсы бізге жәрдем ет! Сенің дініңді жоққа шығарған, жалғыздығыңды және елшілеріңнің пайғамбарлығын қабыл етпеген, Сенен өзгеге табынған, құлдарыңды саған серік қосқан қауымға қарсы бізге жәрдем ет. Бізді олардан үстем қыл! Дүние мен ақыретте жеңіс біздікі болсын!

Сахаба Муаз (р.а.) осы сүрені оқыған кезінде соңынан «әмин» деп айтады екен.

Алла тағала бұл дұғаны қабыл алуды өз міндетіне алды. Бұл жөнінде Әбу Һурайра (р.а.) Хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Алла тағала: «Иә, қабыл еттім» деді» дегенін риуаят еткен (Мүслим). Ибн Аббастан жеткен хадисте де Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Алла тағала: «қабыл еттім» деп айтты деген.

 

Бұл аяттардың тәпсірі «Әт-Тафсирул-Мунир» атты кітаптан аударылды.

 

Мармара университетінің PhD докторанты

   Алпысбаев Ерғали 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Нәбә сүресі Аятул-күрси аятының тәпсірі »
Жоғарыға