maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ғабаса сүресінің түсірілу тарихы

Ғабаса сүресінің түсірілу тарихы

«Адамның жүзі – ақылының айнасы» деген халқымыз көпшілікке қатысты мәселені жеткізуде ешқашан ашуға бой алдырмай, ақылмен шешкен. Бұл қасиет қазақ қанына Ислам діні, пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінен сіңгені мәлім. Десек те, пенде баласы нәпсі арбауына түсіп, сыр алдырмай тұрмайды. «Қайсы бірде қайырымды да ашуланар», - демекші, ашудың кім кімді де  ақсатпай қоймайтын дұшпан екенін небір дүлдүл шешендердің өзі мойындап өткен.

 

         Міне, осы мінезге қатысы бар «Ғабаса» сүресі – Құран Кәрімде реттік саны бойынша 80-сүре. 42 аяттан тұратын Меккелік сүре. Сүренің атауы осы сүренің алғашқы аяттарындағы «Ғабаса» сөзімен тікелей байланысты. Яғни,

«Ғабаса» сөзі – қабағын түйді, ашуланды, тыжырынды деген мағынаны білдіретін қолданыс.

Сүре негізінен барша адамзатты жаратылысқа зер салып қарауға, ой жүгіртуге шақыра отырып, адамның адамнан артықшылығы оның нәсіліне, ұлтына, байлығы мен абыройына қарай өлшенбейтінін ескертеді. Адамды алаласаң да, құдіреттің хақ екендігін еске салады.

Сүренің түсірілу (нүзіл) себебі:

Риуаяттар бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абу ибн Шамс, Убай ибн Халаф, Умаяту ибн Халас сынды Құрайыштың үлкендерімен Ислам туралы, олардың Ислам дінін қабылдағанын қатты қалап (олардың артынан ергендер де иманға келер деген үмітпен), насихат айтып тұрған сәтінде Абдулла ибн Умму Мактум (р.а.) атты көзі көрмейтін сахаба келіп «Уа расулулла! Алланың сізге үйреткенінен маған да үйретіңіз», - деп сөзін бөледі.

Бірақ Умму Мактум Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басқалармен сөйлесіп тұрғанынан хабардар емес-ті. Себебі, ол көрсоқыр еді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сол арада сахабаның бұл қылығын жақтырмай ашуланып, қабағын түйіп теріс айналады. Сол кезде осы «Ғабаса» сүресі сөгіс ретінде түседі.

Кейбір риуаяттарда Умму Мактум (р.а.) Пайғамбарымыздың сөзін бөле берген соң қабағын түйіп, «Құрайыштың үлкендері мынаның артынан көзі соқыр, кедей, кембағал құлдар ғана ереді екен деп ойлайтын болды», - деп ой ойлауға да мәжбүр болған екен деген дерек келтіреді (Имам Қуртуби).

Тәпсіршілердің көбісі сүредегі осы аяттардың түсуіне себепкер болған адам Умму Мактум екендігін жеткізеді. Имам Қуртубидің еңбегінде Суфиян Сауридің мынадай да пікірі  кездеседі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы аяттар түскеннен кейін Абдулла ибн Умму Мактумды ерекше құрметтейтін болған. Соғысқа кеткен кезде оны өз орнына 2 рет қалдырған».

Әнәс бин Мәлік (р.а.) «Умму Мактумді Қадисия соғысында «Үстінде сауыты бар, атқа мініп, қолына жалау ұстаған бейнесінде көрдім» деген сөзін жеткізген (Имам Қуртуби).

Енді сүредегі аяттардың мағынасына тоқталсақ:

 

بسم الله الرحمن الرحيم

عَبَسَ وَتَوَلَّى

  1. 1.     Қабақ шытып, бет бұрды.

Дін мәселелері бойынша сұрақ сұрау үшін келгені қабағын түйіп, теріс бұрылды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жақсы мәміледе және құрмет көрсету үшін үшінші жақта «Қабағын шытып, бетін бұрды» деп айтылды. Егер бұл сөгісті «Сен!» деп екінші жақта қолданылғанда, бәлкім Расуллаланың (с.ғ.с.) жүрегіне ауыр тиюі мүмкін еді.

 

أَنْ جَاءَهُ الْأَعْمَى

  1. 2.     Оған соқырдың келуімен

Көзі көрмейтін зағип сахаба Абдулла ибн Үмму Мактумның келуімен осы аяттар түскендігі себепті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  Абдулла ибн Умму Мактум келе қалса: «Мені Раббым жазғыруға себеп болған кісі, қош келдің», – деп, шапанын төсеп, қошемет көрсететін болған екен (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

وَمَا يُدْرِيكَ لَعَلَّهُ يَزَّكَّى

  1. 3.     Қайдан білесің мүмкін ол тазарар.

Үшінші аяттан бастап Алла Тағалаға үшінші жақтан екінші жаққа түсіп, тікелей Алла Елшісіне « Ей Пайғамбар! Саған не айтылды? Бәлкім сен теріс айналған адам, сенен үйренген білім мен жақсылықтар арқылы күнәларынан арылар» айтылғанын байқаймыз. (Имам Қуртуби).

 

أَوْ يَذَّكَّرُ فَتَنْفَعَهُ الذِّكْرَى

  1. 4.     Не үгіт алар, оған үгіт пайда берер.

Әлде, сөзіңнен ғибрат алып, уағызың оған пайда беретін болар.

 

أَمَّا مَنِ اسْتَغْنَى

  1. 5.     Ал, енді қажетсінбейтін әлде біреу (Құрайыш бастықтары) келсе

Байлығы мен мал-мүлкінің көптігінен Аллаға және иманға мұқтаж еместерге келетін болсақ.

 

فَأَنْتَ لَهُ تَصَدَّى

  1. 6.     Оған көңіл бөлесің.

Сен оларға жақындап, сөздеріне құлақ асып, дағуат айтып басқаларға жеткізулеріне аса мән беріп жатырсың.

 

وَمَا عَلَيْكَ أَلَّا يَزَّكَّى

  1. 7.     Ол тазармаса саған не?

Егер олар мойындамай қарсы шықса, Олар үшін сен жауапқа тартылмайсың (Ибн Касир).

 

وَأَمَّا مَنْ جَاءَكَ يَسْعَى

وَهُوَ يَخْشَى

8-9. Ал енді саған жүгіріп келген біреу Ол (Алладан) қорқады. Және ол (Алладан) қорыққан күйде.

Алла үшін ілім талап етіп, саған асыға келіп, жақсылық жасауға жаны құмар және Алладан шынайы қорқып, арам істерден сақтанушыларға келер болсақ (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

فَأَنْتَ عَنْهُ تَلَهَّى

10. Сонда да оған көңіл аудармайсың.

Әй, Пайғамбар, сен зағип сахабадан теріс айналып, күпірлік пен адасқан топтың басшыларымен бірге болудасың (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

كَلَّا إِنَّهَا تَذْكِرَةٌ

11. Жоқ олай емес. Әлбетте (Құран) бір насихат.

Бұдан былай олай етуші болма! Бұл аяттар адамдар үшін насихат пен ғибратқа толы. (Мұхаммад ас-Сабуни).

Аяттағы «кәллә» «كَلَّا»  (Жоқ, олай емес) сөзі – ескерту сөзі. Алла Елшісінің бұл амалы маңыздырақ нәрсені тәрк ету болып табылады. (Имам Қуртуби).

 

فَمَنْ شَاءَ ذَكَرَهُ

12.Сондықтан кім қаласа, үгіт алады.

Алланың құлдарынан, кім қаласа, Құраннан ғибрат алады. Оның бағыт-бағдар беруімен тура жол табады. Тәпсіршілер: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөгістен кейін қандай пақырға болмасын теріс бұрылмаған және қандай бай болса аса мән бермеді. Оның жиналысында кедейлердің дәрежесі жоғары болатын. Абдулла ибн Умму Мактум Алла Елшісінің жанына барса, Ол үшін шапанын төсеп, «Мені Раббым жазғыруға себеп болған кісі, қош келдің»дейтін.

Бұл түсіндірмеден кейін Алла Тағала Құранның дәрежесінің жоғары екенін білдіру үшін былай деді (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

فِي صُحُفٍ مُكَرَّمَةٍ

مَرْفُوعَةٍ مُطَهَّرَةٍ

13-14. Құрметті нұсқаларда жазулы. Жоғары бағаланған тап-таза.

Бұл Құран – Алланың құзырында ерекше дәрежелі қадірлі парақтар. Бұл насихаттар Алла алдындағы қасиетті нұсқаларда. Оған сайтан қолы тимеген. Барлық ластықтар мен кемшіліктерден пәк.

 

بِأَيْدِي سَفَرَةٍ

كِرَامٍ بَرَرَةٍ

15-16. Елшілердің қолында. Ардақты, игі.

Бұл парақтар Алла мен оның пайғамбарлары арасында елші болған періштелер қолымен. Бұл періштелер Алланың құзырында жоғары мәртебелі. Олар Алла тағала бұйырған нәрселерге қарсы келмейді және оларға бұйырылғандарды ғана орындайды.

 

قُتِلَ الْإِنْسَانُ مَا أَكْفَرَهُ

17.  (Иман етпеген) адамның жаны шықсын! Игілікті мойындамауда неткен қатты еді?!

Кәпір қарғысқа қалып, Алла Тағаланың рақымынан қуылды. Өйткені, Алла Тағала көп жақсылық берсе де, оның Жаратушыны мойындамауы және күпірлік етуі тым қатты.

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Бұл аят Утба ибн Әбу Ләһәбқа қатысты түсірілген. Ол алдымен иман келтірген еді, «Нәжім» сүресі түсірілген сәтте діннен қайтып: «Құранның бәріне иман келтірдім, тек «Нәжім» сүресіне кәпір болдым», - деді. Сонда Алла Тағала ол туралы «Құранға кәпір болған Утбаға лағынет болсын!» деген мағынада «(Иман етпеген) адамның жаны шықсын!...» аятты түсірді (Имам Қуртуби).

 

مِنْ أَيِّ شَيْءٍ خَلَقَهُ

18. Алла адамды не нәрседен жаратты?

Адамның күнә істеп тәкаппарланғанын меңзеп «Раббысына мойынсұнбай қарсы шығып менменсінетіндей ол (адам) неден жаратылған еді?!» - деп ескертуде. Хасан Басри айтады: «Ата-анасының нәжісінен жаратылған ол қалай тәкаппарланады?».

 

مِنْ نُطْفَةٍ خَلَقَهُ فَقَدَّرَهُ

19. Бір тамшыдан жаратып, оны бейнеледі.

Оны (адамды) жаратуды бір тамшы судан бастады. Сонан соң анасының құрсағында бірнеше даму кезеңдерінен өткізіп, оған бейне беріп, (тағдырын) белгіледі. Ибн Касир: «белгіледі» деген сөздің мағынасын былай түсіндірген: «Ризығын, амалын, ажалын, бақытты немесе бақытсыз болатынын оның тағдырына жазды».

 

ثُمَّ السَّبِيلَ يَسَّرَهُ

20. Сосын оның жолын оңайластырды.

Сонан соң анасының құрсағынан шығуды оңайластырды. Хасан Басри айтады: «Ата-анасының нәжісінен жаратылған адам қалайша тәкаппарланады?!» – деп, бірінші әке белінен шығып және екінші рет ана жатырынан шыққанын еске салған екен.

 

ثُمَّ أَمَاتَهُ فَأَقْبَرَهُ

 

21. Кейін оған өмір беріп, қабірге қойды.

Кейін адамға ажал жіберіп, оны құрметтегені үшін көмілетін қабірін дайындады да, оны жыртқыш жануарлар мен ит-құсқа жем қылмады. Хазин: «Бұл да бір адамның басқа тіршілік иелеріне қарағанда құрметті екендігін көрсетеді» - дейді.

 

ثُمَّ إِذَا شَاءَ أَنْشَرَه

22. Қалаған сәтте оны тірілтеді.

Алла Тағала қалаған кезде есеп-қисап пен жаза үшін қайта тірілтеді. «Қалаған кезде» дегені қайта тірілту уақыты ешбір жанға аян еместігі және ол тек Алла Тағала қалауында екендігін ұғындырады.

 

كَلَّا لَمَّا يَقْضِ مَا أَمَرَهُ

23. Жоқ! Ол Алланың әмірін орындамады.

Кәпір тәкаппарлануын, өзін жоғары санап даңдайсынуын тоқтатсын. Ол Раббысының үкімін орындамады, иман етіп құлшылық жасамады. Ұлы Алла адамның жаратылысын баяндағаннан кейін, Алланың берген мол әрі сансыз нығметтерден ғибрат алып Раббысына шүкір етіп, итағат етуі үшін ризық-несібесін де түсіндірді.

 

فَلْيَنْظُرِ الْإِنْسَانُ إِلَى طَعَامِهِ

24. Ал енді адамзат, жеген тағамына бір көз салсын.

Енді күпірлік жасаған адам өмірдегі оқиғаларға ой жүгіртіп ғибрат алсын. Ұлы Алла оны өз құдыретімен жаратып, дүниеге келуін рахметімен жеңілдетті. Ол үшін ризық жолдарын көбейтті. Өмірде өз жолын табуы үшін бірнеше ризық жолдарын көрсетті.

Осыдан кейін Алла Тағала бұларды баяндау мақсатында былай деді:

 

أَنَّا صَبَبْنَا الْمَاءَ صَبًّا

25. Расында Біз мол су бердік.

Шын мәнінде біз жаңбырды бұлттардан адам сенгісіз түрде түсірдік.

 

ثُمَّ شَقَقْنَا الْأَرْضَ شَقًّا

26. Сосын қара жерді қақ айырдық.

Сосын өсімдіктерді шығару арқылы жер жүзін ғажайып түрде бөлдік.

 

فَأَنْبَتْنَا فِيهَا حَبًّا

وَعِنَبًا وَقَضْبًا

وَزَيْتُونًا وَنَخْلًا

27-28. Сонда жерде дәнді дақылдар шығардық. Жүзім мен жоңышқаны. Зәйтүндер мен құрмалар.

Сол судан дән-дақыл мен өсімдіктің түр-түрін шығардық. Адамзат қорек ететін және сақтайтын дәнді-дақылдар; адамдар қалап тұратын  дәмді де тәтті жүзімдер мен жеміс-жидектерді өсірдік (Мұхаммад ас-Сабуни).

Имам Табари тәпсірінде: «Сондай-ақ жүзім, жануарлардың жемі, зәйтүн, құрма ағашы және ағаштардың бір-біріне байланысқан түрінде болған бақшалар, жеміс-жидектер мен жайылым жерлерін жараттық», - деп түсіндіріледі.

Сонымен қатар, зәйтүн мен құрма ағаштарын өсірдік. Олардан зәйтүн майы мен кепкен құрмалар алуға болады (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

وَحَدَائِقَ غُلْبًا

وَفَاكِهَةً وَأَبًّا

30-31. Ну бақшалар. Жемістер мен шөптер.

Ағаштары бір-біріне қабысқан көп ағашты ну бақшалар жараттық. Жан-жануарлардың қоректенетін шөптерін жаратқанымыз секілді, түрлі жеміс-жидектерді де жараттық (Мұхаммад ас-Сабуни).

Имам Қуртуби «Жануарлардың қоректенетін жасыл шөптері» деп түсіндірген.

 

مَتَاعًا لَكُمْ وَلِأَنْعَامِكُمْ

32. Сендер әрі малдарың пайдалану үшін.

Тек қана адамзат баласы үшін емес, жануарларда азықтану арқылы көбейеді және сендер бұл жануарларды өз қажеттеріңе пайдаланасыңдар. Олардан ет, сүт, май және осы секілді өнімдер алу арқылы тамақтанып, Алла Тағаланың берген осындай ризықтарымен өмір сүресіңдер. Осындай нығметтерге қарамастан тағы да Аллаға күпірлік жасайсыңдар ма? (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

فَإِذَا جَاءَتِ الصَّاخَّةُ

33. Ал енді қатты дауыс келген сәтте.

Қиямет күнінің құлақтарды тұндырарлық ащы дауыс естілген кезде... (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

يَوْمَ يَفِرُّ الْمَرْءُ مِنْ أَخِيهِ

وَأُمِّهِ وَأَبِيهِ

وَصَاحِبَتِهِ وَبَنِيهِ

34-35-36. Сол күні кісі туысынан қашады. Анасынан да әкесінен де. Әйелі және балаларынан.

Осындай қорқыныш күнінде адам баласы  өз досынан, бауырынан және әке-шешесінен, балаларынан қашады. Өйткені ол өз қарабасынан аса алмайды. Ибн Джузәй бұл аятқа: «Алла Тағала пенденің өзі жақсы көретін ет жақын адамдарынан қашатынын айта келе, оларды мейірім мен жақсы көрудегі ең төменінен бастап, жоғарыға қарай реттеген. Әдетте, адам баласы басқалардан қарағанда бала-шағасын қатты жақсы көреді» деп түсіндірме берген.

 

لِكُلِّ امْرِئٍ مِنْهُمْ يَوْمَئِذٍ شَأْنٌ يُغْنِيهِ

37. Ол күні әркімнің ісі ауыр (Әркім өз халымен әлек).

Сондай ауыр әрі қатал есеп күнінде әр адам өзімен әлек болып, басқаның жағдайын ойлай алмайтын күй кешеді. Бұл күні адамның өзінен басқаның жағдайын ойлайтын мұршасы болмайды. Тіпті пайғамбарлардың өзі де «өзім», «өзім» дейтіндей күн (Мұхаммад ас-Сабуни).

Алла Тағала сол күні адамдарды бақытты және бақытсыз деп екі топқа бөлетінін айтады. Бақытты жандардың күйін былай баяндады:

 

وُجُوهٌ يَوْمَئِذٍ مُسْفِرَةٌ

ضَاحِكَةٌ مُسْتَبْشِرَةٌ

38-39. Ол күні кейбір жүздер жарқырайды. Күлген қуанышты.

Сол күні жарқыраған, күлімсіреген және қуанған жүздер болады. Алла Тағала сол күні қалаған құлдарының жүзін жарқын етіп, беретін нығметтерімен сүйіншілейді. Бұлар жәннат иелерінің жүздері.

 

وَوُجُوهٌ يَوْمَئِذٍ عَلَيْهَا غَبَرَةٌ

تَرْهَقُهَا قَتَرَةٌ

أُولَئِكَ هُمُ الْكَفَرَةُ الْفَجَرَةُ

40-41-42. Ол күні кейбір жүздің үстін шаң басқан болады. Оны қара түнек қаптаған болады. Міне солар қарсы келген бұзақылар.

Сол күні шаң басқан және түнерген жүздерде болады. Міне бұлар кәпірлер мен күнаһарлар. Міне осылар Алланы мойындамай, Оған қарсы келуден тайсалмайтын кәпір, күнаһарладың жүздері. Алла оларды осылай жазалады. (Мұхаммад ас-Сабуни).

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Халифа Алтай
  2. Имам әл-Қуртубидің тәпсірі
  3. http://shamela.ws/
  4. http://fatua.kz/kz
  5. http://mazhab.kz
  6. Мұхаммад ас-Сабунидің тәпсірі
  7. Ибн Касирдің тәпсірі

 

Мұрат Мұстафаев

исламтанушы

Медиа

Жоғарыға