maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

БАЛАҒА АҚ СҮТ БЕРУ – АЛЛАНЫҢ ӘМІРІ

БАЛАҒА АҚ СҮТ БЕРУ – АЛЛАНЫҢ ӘМІРІ

Қасиетті Құранда айтылған ұлы құндылықтарды қазақ халқы дархан мінезімен қабылдап, оларды төбесіне көтеріп қадірлеген. Күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты болса да,  мінез-құлық, қадір-қасиетке қатысты болса да, Алла Тағаланың кез келген бұйрық-тыйымдарын қазақ ұлты тұрмыс-салтына қабыстыра қабылдаған.  Сондай бұйрықтардың бірі баланы емізу хақында.

 

Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда былай деп әмір етеді: «Аналар балаларын толық екі жыл емізсін! Бұл баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін» («Бақара» сүресі, 233-аят). Расында, өзі жаратқан құлының жаратылысын жақсы танитын Алла Тағала баланың қоректенетін алғашқы азығы неге ана сүті болу керек деп бұйырды? Оның балаға қатысты мерзімін де тағайындап берген. Мұса Пайғамбарды дүниеге әкелгенде, оның анасына да баланы емізу бұйырылғанын қасиетті Құраннан оқып отырмыз (Қараңыз, «Қасас» сүресі, 7-аят).  Демек, бұл жерде балаға ана сүтін берудің арғы жағында жатқан бір гәп бар. Сондай-ақ, аталмыш сүренің 12-аятында: «Біз Мұсаға әу бастан-ақ бірде бір (бөтен) әйелдің емшегін емізбедік...» делінген. Демек, басқа біреудің емізгені  Мұса (а.с.) пайғамбардың келешек өміріне теріс әсер беруі мүмкін еді. Өйткені ана сүтімен бірге бала бойына өте көп ақпарат дарытылады.

Мейірім мен парасат, ақыл мен даналық, сабыр мен кішіпейілділік жылылық пен жұмсақтық  – бәрі де ана сүті арқылы дариды. Жоғарыда келтірілген оқиға қасиетті Құранда былай деп жалғасады: «Сөйтіп ол ер жетіп, кемеліне келгенде, оған асқан ақыл-парасат, даналық һәм ерекше ілім нәсіп еттік...» (14-аят). Бұл қасиеттердің пайда болуында ана сүтінің де рөлі бар екенін жоққа шығара алмаймыз.  Сонда ана сүті деген не?  Ананың омырауын емес, шишаға құйылған жасанды сүт еміп өскен балаларды бәрібір бір кемдік байқалары сөзсіз. Бұл кемшілік ар-ұяттың, тектіліктің, басқа да ізгі қасиеттердің азаюуына әкеп соғуы мүмкін. Ондайды қазақ уызға жарымаған бала деп атайды.

Қазіргі кезде шетелдік ғалымдар ана сүтін «таңғажайып азық» деп бағалауда. Әрине, ең алдымен, аллергия, дисбактериоз сынды әр түрлі инфекциялардан сақтайтын, зат алмасу процесін жақсартатын медициналық пайдаларын тілге тиек етеді. Алайда ана сүтінің сапалық қасиеттері онымен ғана шектелмесі анық.  Қазақы түсініктегі тектілік, бекзадалық, жомарттық, дархандық, мәрттік, батырлық мінездер де сәбидің бойына ана сүтімен даритынын байқайтын кез жетті. Ғылыми тілмен айтқанда, мұның бәрі материалдық негізде адамға енгізілетін ақпараттар жиынтығы саналады.

Олай болса, баланы емізудің өзі – тәрбие. Шешесінің өз сәбиін мейірлене құшағына басуының өзі ізгіліктің бастауы. Өйткені, бұл арқылы емізулі бала нәресте шағынан-ақ мейірім деген ұғымды түсінеді. Кейін өскенде өзі де иманды, зерек, еңбекқор, жәрдемсүйгіш, кісі ақысын жемейтін адал болып өсуіне ана сүтінің әсері мол. Әйгілі түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Баласағұн «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген аталы сөз қалдырған. Ал, Зере әжеміздің ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды дәретсіз емізбегені жайлы да көп айтылып жүр. Ендеше, Абайдың Абай болуына мұның да септігі тимеді деп айта алмаймыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жас кезде берілген тәрбие тасқа қашалған жазумен тең, жасы ұлғайған кісіні тәрбиелеу құмға сіңген сумен тең», - деген болатын. Бұл хикметтің де ана сүтіне қатысы жоқ дей алмаймыз. Осы айтылғанның бәрі де қасиетті Құранда айтылған бір ғана аяттан өрбіп отырған ойлар. Қазақ халқының «ананың ақ сүтін ақтау» деген жауапкершілікке баулитын керемет дәстүрін осы жерден шығарамыз.

Бір қарағанда, бұл Құран мен хадисте айтылмаған негізсіз жора секілді көрінуі мүмкін. Бірақ Алланың қай бұйрығына жеңіл қарауға болмайтынын жақсы ұққан бабаларымыз  жоғарыда келтірілген бір аяттың өзінен осындай қорытынды шығарған.

Кезінде қазақтың кез келген жігіті үшін анасының ақ сүтін ақтаудан абыройлы іс жоқ еді. Әйгілі Жәнібек батыр жауға аттанарда: «Жаудың оғы арқаңнан тисе, ақ сүтімді кешпеймін» деген сөзін еске алайықшы. Соғыс майданында осыны естіген бір қария: «Анаң ана екен, ана болғанда да дана екен» деп мақтағаны бар.

Қысқасын айтқанда, даналық та, басқа жақсы қасиеттер де баланың бойына ананың ақ сүті арқылы дариды.  Елімізде ананың ақ сүтін ақтайтын парасатты перзенттер көбейе берсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

исламтанушы

Медиа

Жоғарыға