maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ЕҢ ҚАЙЫРЛЫ ҮШ ЖИЫН

ЕҢ ҚАЙЫРЛЫ ҮШ ЖИЫН

Қай кезеңде де жақсылық пен жамандық қатар өмір сүріп келген, өмір сүре береді де! Өйткені, әлі де адамзат баласына жақсылық жасауға жаны құмар жандар мен тек зиян келтіріп, қиянат жасаумен айналысып жүретін екі қауым бар. Ақ пен қара айқасқан бұл өмірде сол екі түрлі қауым өз ниеттерін жүзеге асырып келеді. Оның бірі туралыққа, әділдікке, екіншісі қастандыққа, зұлымдықты ниет етеді.

 

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірісінде де ізгілік үшін жанын беруге даяр тақуалармен қатар, жаманшылық жасаумен ғана айналысатын қауым қатар өмір сүрді. Тіпті адам баласына қиянат жасау үшін арнайы бас қосып, оңаша кеңес құру дәстүрі бүгінге дейін жалғасып келеді.  Алайда Алла Тағала мұсылмандардың басына төнетін қауіп-қатерді өзінің сүйікті Елшісіне (с.ғ.с.) уахи арқылы білдіріп, зұлымдықтан қорғап отырған.   Мысалы, қасиетті Құранда мынадай бір аят бар: «Олардың оңаша бас қосқан құпия жиылыстарының көбінде қайыр жоқ. Алайда мұқтаждарға садақа беруді, ізгілікті, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың оңаша бас қосып, өзара кеңес құрғанының жөні бөлек. Кімде-кім мұны Алланың разылығын көздеп жасаса, оны зор сауапқа бөлейміз»  («Ниса» сүресі, 114-аят).

Демек, адамзатты азғындық пен арсыздыққа шақыратын жоспар құрып, сан алуан бұзықтыққа үндейтін жиындар қай кезде де болып келген. Ал бүгін өткеннің қателігінен сабақ алдық, жақсылыққа қарай өзгердік дей алмаймыз. Аталмыш аят сондай басқосулардың қайырсыз екенін баян етуде.

Ислам діні алғаш тарала бастаған жылдары мұсылмандарға қарсы жасалған жорық қимылдарының жоспары осындай оңаша жиналыстарда шешілетін. Ендеше, қайырсыз деген сөздің түп мәні неде? Яғни, адамзатқа пайда келтірмейтін жиындарда береке болмайды, дұрыс нәтиже бермейді, ондай бағыттағы істердің бәрі де түбінде зая кетеді деген мағынаны қамтиды.

Аллаға шүкір, қазақ халқы өз тарихында ешқашан біреуге ор қазып, зиян келтірумен айналысқан емес. Ондай теріс бағытта бас қосқан да емес. Би-шешендеріміз, хандарымыз бен батырларымыз қашан да елдің ішкі тәртібін сақтау, айнала жауға ауызбірлікпен қарсы тұру сынды ұлт мүддесіне арналған жиындарда бас қосқан. Яғни, қазақ жұрты Алланың жек көрсеткен  бірінші топтан іргесін аулақ салған. Ал екінші топ қандай? Ол – садақа беріп, жақсы амал жасауды, кез келген ізгілікті жүзеге асыруды, адамдар арасын жарастыруды көздейтін жиындар өткізетін қауым.

Құранда аталған жақсы амалдың түбі хайырлы болып, жақсылыққа бастайтыны даусыз. Аталмыш аятта Алла Тағала үш сипатты жақсы жағынан баян екен.  Біріншісі, садақа беруге бір-бірін шақырысу. Мысалы, қазір бай, дәулетті бірнеше кісі оңаша бас қосып, бір-біріне: «Кәне, бүгін кімдерге садақа береміз және қалай береміз? Соны ақылдасып алайықшы» дейтін болса, бұл қайырлы, берекелі кеңеске жатады. Садақа деген сөздің астарында шынайылық деген мағына жатқанын да айта кету керек. 

Алла Тағалаға шынайы иман келтірейік, шынайы ықылыс-ниетпен ізгілік жасайық, Алланың бізге нәсіп еткен мал-дүниесін жақсы мақсаттарға жұмсайық, мұсылманша өмір сүрейік деген келісім-ниеттер де осы шеңберге кіреді. Бұл мақсаттағы жиындар міндетті түрде берекеге кенелтеді.

         Екіншіден, аталмыш аятта жақсылық жасауға, Алланың жақсы деп белгілеп берген істеріне бірін-бірі шақыратын жиын мақталған. Қасиетті Құранда жақсылықтың сан алуан түрі айтылған. Ата-анаға, туған-туысқа, көршілерге, жетім-жесірге, жолда қалғандарға жақсылық жасау, мұқтаж жандарға қолғабыс ету, аштарды тойғызу, үйлену, отбасын құру, бала-шағаны мұсылманша тәрбиелеу,  ғылым-білім үйрену, елге пайда тигізу секілді мың сан жақсылық бар. Осындай ізгіліктерді қалай жасасақ болады деген мақсатта бас қосатын жиында қайыр болады.

         Үшінші мақтаулы іс – араздасқан адамдар арасын жарастыру. Мәмілесі жараспаған ерлі-зайыпты мен араздасқан ағайын-туысты жақындастырудың сауабы көп. Ендеше, сондай кикілжіңі бар адамдарды қайтсек жарастырамыз деген уайыммен бас қосқан жиында қайыр мен береке бар.

Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Оразадан да, намаздан да, садақадан да қайырлы іс – адамдар арасын жарастыру», – делінген. Әрине, мұнда Аллаға құлшылық жасамай-ақ, намазсыз, оразасыз жүріп-ақ Алланың разылығын табуға болады екен ғой деген жаңсақ пікір тумауы керек. Мұнда адамдарды татуластырудың қоғамдық, әлеуметтік маңызына назар аударылып отыр.

Осы ретте Жамбыл атамыздың бір өлеңіне көз салып көрейікші: «Ой-хой, дүние серуен, адам бір көшкен керуен, дүниені қызық қалдырып, асамыз өмір белінен», – деп жырлайды. Сол өлеңде:

...Қылған қайыр болмаса,   

Не әкетесің өмірден?  

Дәулетіңнен не пайда?

Таусылмастай көрінген.

Жалғыз мұраң сол болар,

Қол қайырың берілген.

Басқа дүние бірі де,

Көмілмейді кебінмен, деп келетін мәні терең шумақ бар.

Міне, мұнда адамдарға жақсылық жасау, қайыр етуге шақыру бар. Сөз соңында тілеріміз, елімізде пайдалы, қайырлы, берекелі жиындар көп болсын!

Асылбек Әуезханұлы,

исламтанушы

Медиа

Жоғарыға