maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ҚҰРАН МІНСІЗ, ҚАТЕСІ КӨП ПЕНДЕНІҢ...

ҚҰРАН МІНСІЗ, ҚАТЕСІ КӨП ПЕНДЕНІҢ...

Ғылым деген не? Ол не үшін керек? Осы бір сұрақтың жауабын ойға оралымды, санаға сіңісті болуы үшін бейнелі сөзбен сипаттап көрелік. Айталық, адам дүниетанымы үлкен бір егіс даласы делік. Егіс даласының бір алқабында уақыт сынына төтеп бере алатындай тәжірибелер жасалып, соның негізінде қорытынды тұжырымдар айтылып жатады. Міне, біз мұны ғылым дейміз. Ал, бұдан тереңірек зер салсақ, белгілі бір сала мамандары белгілі-бір тақырыпты тәжірибе негізінде бүге-шігесіне дейін зерттеп, ақыл мен қисынға қонымды ережелерді қоғам руханиятының игілігіне ұсынып жатады. Мұны біз ғылым деп айтамыз. Бұл анықтама көбінесе, химия, физика, астрономия сияқты нақты ғылымдарға сай келеді.

 

Ақиқатында, Алла Тағала әрбір нәрсені жаратқанда оны белгілі бір өлшеммен жаратқан. Қасиетті Құранда бұл жайлы былай делінеді: «Алла бәрін бір өзі жаратып, әрбір жаратылысқа белгілі бір өлшем, жүйе мен тағдыр тағайындады» («Фурқан» сүресі, 2-аят). Бұл жердеге «өлшем» сөзінің ұғымына жаратылыстың өзегі, оның әрекет ету аймағы, оған қатысты барлық ерекшеліктер енеді. Соның бәрін көре білу, санаға салып зерделей білу ғылымға жатады. Кезінде физик Алфред Кастлер былай деп ағынан жарылған: «...атомдардың құрамына қарай тереңдеген сайын біз оларды тани аламыз деген сеніміміз де азая берді. Оның бөлшектері барған сайын көлеңкеге ысыла береді. Ақырында мүлдем талдауға келмейтіндей алыстап кетеді. Себебі, оның түпкі өзегі бізге беймәлім. Жалғыз Алланың бастапқы жаратуы да, ғаламның теңдессіз үйлесімі де, тіпті Алланың өзі де біз үшін сыры ашылмаған құпия...».

Ғалымдардың көптеген жылдар бойы зерттеген зерттеулерінің нәтижесін қасиетті Құраннан тауып таң қалып таңдай қаққанын білеміз. Сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде былай дейді: «Алла әр нәрсені белгілі бір себептермен жүретін қылып қойды.  Барлық нәрсеге себеп жаратқан. Әр себепке түсіндірме берген.  Әрбір түсіндірмеге ғылым жаратқан. Ал, әрбір ғылымға сөйлеуші қақпа жаратқан (ғалым – А.Ә.)». Осы хадистің астарына терең үңілген адам ғалым болмай қоймайды. Өйткені мұнда ғылымның кілті берілген. Дегенмен бұл да жаратылыстану ғылымына көбірек сай келеді. Оған қоса көркем  мінез бен әдепке, ізгілік пен әділдікке, туралыққа, мейірімге, қысқасы, адамшылық атаулыға баулитын, жүректі тәрбиелейтін, көңілді байытатын ғылым бар емес пе? Оның жөні не болады?

Бүкіл жаратылыстың терең сырларын  зерттеуге шақыратын Ислам діні ғылымның бұл саласын да назардан тыс қалдырмайды. Қасиетті Құранның ең алқашқы аяты «Оқы!» болуы тегін емес. Ал білім-ғылым деген аманатты арқалап алып, оны жер бетіне жайған ардақты Мұхаммед Пайғамбардың өзін адамзатқа жіберілген ұлы тәлімгер деп сипаттауына не дейміз? Қасиетті хадисте айтылғандай, білім іздену күллі мұсылман ер мен  әйелге ортақ парыз болып бекітілген.

Ол аз десеңіз, Алла Тағала жалғыздығы мен әділдігіне алдымен өзін, сосын періштелерді, одан кейін шынайы ғалымдарды куә ететіні ғылым иесіне бөлінген ұлы орынның белгісі болса керек. Келесі қасиетті аят осыған айғақ: «Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың өзі куә. Сондай-ақ барлық перішелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып осы ақиқатқа куәлік етеді» («Әли-Имран» сүресі, 18-аят).

Қасиетті Құранның терең сырлары оны оқып-үйренетін, білетін, түсінетін, ақылға салатын, ойланатын қауымға ашылады. Әйтпесе,  Алла Тағала Қияметке дейін келетін мұсылмандарға «Сендер адам баласын қараңғылықтан жарыққа қарай шығаратын ең қайырлы үмбетсіңдер» деген аятын баян етер ме еді?! (Қараңыз, «Әли-Имран» сүресі, 110-аят).

Қияметке дейін жер бетіне қаншалаған ұрпақ келіп, қаншалаған ұрпақтың дүниеден өтіп кететіні бір Аллаға аян. Бірақ Алла Тағала осынша адамзат баласының барлығын мұсылман үмбетіне үлгі етіп көрсетуде. Бірақ біз бүгін мұсылман үмбеті ретінде осы аяттың үдесінен шығып жүрміз бе?

Ғылым-білім іздеу сипаты бүгінгі мұсылмандарда неге әлсіз? Алла сақтасын, Құранда мін жоқ. Ендеше, мін осы мәртебе тұғырынан көріне алмай отырған бүгінгі мұсылман қауымында! Құран аяттарына тиісінше амал етпей жүрген бүгінгі нәсілде! Ғылым-білім туралы  өз жауапкершілігін сезіне алмай жүрген бүгінгі мұсылман үмбетінде болса керек!

Алла Тағала бүгінгі мұсылмандарды алауыздықтан аман сақтап, білім иелері болуды нәсіп етсін!

Асылбек Әуезханұлы,

исламтанушы-ғалым

Медиа

Жоғарыға