maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Құран аяттары туралы не білеміз?

Құран аяттары туралы не білеміз?

 Аят сөзі араб тілінде «мұғжиза», «ишарат», «анық белгі», «дәлел», сондай-ақ «ғибрат» деген мағыналарды білдіреді. Аят сөзі Құран Кәрімде аталмыш мағынада жекеше түрде 84, ал көпше түрде 148 жерде кездеседі.

Мысалы: «Біз Мәриямның ұлын да және оның анасын да аят (мұғжиза) қылдық» (Муминун, 50). «Сандықтың келуі сендерге Талуттың қолбасшы екендігінің аяты (белгісі)» (Бақара, 248). «Көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алмасуында сөзсіз көкірек көзі ояу жандар үшін аяттар (дәлелдер) бар». (Имран, 190). «Бүгін сенің (Перғауын) денеңді кейінгілерге аят (ғибрат) болсын деп құтқарамыз. Расында мұнда аят (ғибрат) бар. Бірақ сонда да басым көпшілігі иланбайды» (Шұғара, 158).

Ал, аяттың терминдік мағынасы «Құран сүрелерін құрайтын, басы мен соңы белгілі әріп, сөз, сөйлем немесе  бірнеше сөйлем жиынтығынан құралған Алланың сөздері». Құранда келетін сөйемдердің аят деп аталуы олардың ғибрат аларлық көркем сөздер, Алланың ұлықтығын білдіретін дәлелдер және хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық қызметін куәләндыратын мұғжиза болуымен байланысты.

Құран аяттары ұзын, қысқалығы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Ұзын аяттардың көпшілігі ұзын сүрелерде, ал қысқа аяттар көбіне қысқа сүрелерде кездеседі. Құрандағы ең ұзын аят – «Мудаяна» деп аталатын Бақара сүресінің 282-ші аяты. Бұл аятта қарыз беру мәселесі қозғалған. Ал ең қысқа аят – Таһа сүресі мен Ясин сүресінің алғашқы аяттары.

Аяттардың басым көпшілігі бір немесе бірнеше сөйлемнен құралады. Сондай-ақ, өз алдына жеке бір сөйлем құрамайтын аяттар да кездеседі. Мысалы, ар-Рахман сүресінің 64-ші аяты {مُدْهامَّتانِ} тек бір кәлимадан ғана тұрса, Дұха сүресінің алғашқы аяты {وَالضُّحى} екі кәлимадан яғни бір әріп және бір сөзден ғана тұрады.

Ең алғаш түскен аят «Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталатын Алақ сүресінің алғашқы бес аяты. Ал, ең соңғы түскен аятқа қатысты ғалымдар арасында түрлі көзқарас бар. Кейбір ғалымдар Бақара сүресінің 278 және 281 аяттарын ең соңғы түскен аят деп есептесе, кейбірі Ниса сүресінің 176 аятын, кейбірі Тәубе сүресінің 128-129 аяттарын соңғы түскен аят деп есептейді. Сондай-ақ, Маида сүресінің 3-ші аяты мен Насыр сүресінің аяттарын да соңғы түскен аяттар ретінде алға тартқан ғалымдар бар. 

Құран Кәрімде 114 сүре, 6236 аят бар. Дегенмен аяттардың нақты саны туралы Ислам ғалымдары арасында ортақ келісім жоқ. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен бір деректе аяттар саны 6636 деп есептеледі. Сондай-ақ, 6217, 6214, 6210, 6226 деген пікірлер де бар.

Аяттар саны туралы түрлі пікірлердің орын алуының себептері жоқ та емес. Атап айтар болсақ:

  1. Әр сүренің басында келетін «Бисмилләһир-рахманир-рахим» сөзін кейбір ғалымдар сол сүренің бір аяты деп есептесе, кейбірі оны әрбір сүренің аяты ретінде қабылдамаған. Ханафи мәзһабының ғалымдары «Бисмилләһир-рахманир-рахим» сөзін сүрелердің арасын ажыратып тұру үшін түскен өз алдына жеке бір аят деп қабыл еткен.

Ұзын бір аятты бірнеше аят деп қабылдау.

  1. Қысқа бірнеше аятты ұзын бір аят деп есептеу.

3.Хуруфул-Муқаттаъа деп аталатын әріптерді куфалық ғалымдар өз алдына жеке аят ретінде қарастырса, басралық ғалымдар оларды аяттың бір бөлігі ретінде қабылдаған. Міне, аталған тұжырымдардың нәтижесінде аяттар санына байланысты әр түрлі пікірлер туындаған.

Аяттардың соңғы сөздері кейінгі аят пен алдыңғы аяттың арасын бөліп тұрғаны үшін ажыратушы деген мағынада «Фасила» деп аталады. Құран аяттары түскен мекеніне қарай екіге бөлінеді. Яғни Меккеде түскен аяттар меккелік аяттар, Мәдинада түскен аяттар мәдиналық аяттар деп аталады. Меккелік аяттарда көбіне иман негіздері баяндалса, мәдиналық аяттарда құқықтық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер, бұйрықтар мен тыйымдар қамтылған.

Құран аяттары мағынасына байланысты екі топқа бөлінеді. Оның бірі «Мухкам», екіншісі «Муташабиһ». «Мухкам» дегеніміз – мағынасы ашық және бір мағынаны ғана білдіретін аяттар. «Муташабиһ» дегеніміз – көп мағынаны білдіретін аяттар. Мухкам аяттар Құранның негізі болып табылады. Бұл жайлы қасиетті Құранда былай делінген:

«Ол Алла, саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Міне, солар Құранның негізі. Келесі бір тобы бірден көп мағына білдіретін ұқсас мағыналы аяттар. Жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Ғылымда озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздан келді» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді» (Имран, 7).

Құран Кәрімнің 14 жерінде сәжде аяты бар. Сол аяттардың бірін оқыған немесе естіген кісінің сәжде жасауы – уәжіп. Олар мына аяттар: Ағраф 206, Рағыд 15, Нахыл 49, Исра 107, Мәриям 58, Хаж 18, Фурқан 60, Нәміл 25, Сәжде 15, Сад 24, Фуссилат 37, Нәжім 62, Иншиқақ 21, Алақ 19.

Ислам ғалымдары аяттардың сүре ішінде орналасу тәртібін тауқифи, яғни уахи арқылы белгіленгенін айтады. Яғни, хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне Құран аяттары түскенде оларды әрдайым қай сүренің қай жеріне қою керек екенін уахи жазатын хатшыларға білдіріп отырған. Бұл жайында ортақ келісім, ижма бар.

Кей аттар өзге аяттардан жоғары тұрады. Мысалы, Құран Кәрімдегі ең ұлы аят – «Аятул-Курси» деп аталатын Бақара сүресінің 256 аяты. Хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Аятул-Курси – Құран аяттарының ең ұлысы, төресі» (Тирмизи) деген. Келесі бір хадисінде де «Әр нәрсенің төресі болады. Құран Кәрімнің төресі – Бақара сүресі. Бұл сүреде бір аят бар ол Құран аяттарының ең ұлысы. Ол – Аятул-Курси»  деп айтқан.

Қорыта айтсақ, аяттар – Алла тағаланың кәләмі, сөзі. Ол өзгермейді,  өзгертілмейді. Оған ешбір сөз тең келмейді. Ешкім оның баламасы мен ұқсасын жасай алмайды. Өйткені, Алла тағала Құранда «Уа Расулым! Айт! Ант етейін. Адамдар мен жындар Құранға ұқсас сөз құрастырмақ боп бір жерге жиналса және бір-біріне жәрдем берсе, олар бәрібір оған ұқсас сөз әкеле алмайды!» (Исра, 88) деп бұйырады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Зәркәши Б., әл-Бурхан фи улумил-Құран
  2. Суюти Ж., әл-Итқан фи улумил-Құран
  3. Демиржи М., Тефсир усулу
  4. Жеррахоглу И., Тефсир тарихы

Ерғали АЛПЫСБАЕВ,

Мармара университетінің PhDдокторанты

 

 

 

        

          

Медиа

Жоғарыға