maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

СИҚЫР ДЕГЕНІМІЗ НЕ? (Бірінші бөлім)

СИҚЫР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?  (Бірінші бөлім)

Қазақ тіліндегі сиқыр сөзінің түбірі араб тіліндегі «сихр» деген сөзден шығады. Мұның мағынасы – белгілі бір нәрсені өз ақиқатынан құбылтып, басқаша етіп көрсету, Мәселен, адамға дұрыс нәрсені теріс етіп көрсету немесе керісінше, жаман нәрсені жақсы етіп көрсету. Сиқыр бүркеме және алдау жолдарымен іске асады.

 

«(Мұса): Сендер қойыңдар» деді. Олар (өнерлерін) қойған сәтте, адамдардың көздерін сиқырлап, оларды қорқытты. Сондай-ақ, үлкен бір сиқыр келтірді» (Ағраф, 163).

Сиқыр жасаушы ер адамды «сахир», әйел кісіні «сахира» деп атайды. Бұл – сиқыр жасаушы деген сөз. Сиқыр сөзінің шығу төркініне қатысты көрнекті араб тілінің мамандары түрлі анықтама берген. Мысалы,  Лейс есімді ғалым мен оны қолдаушылар: «Сиқыр – шайтанға жақындатып, оған демеу болатын амал», – деп айтқан.

Ибн Манзұр болса: «Сиқыр – затты өзінің болмысынан өзгертіп көрсету», – деп түйіндеме жасайды.

Расында да сиқырдың «сиқыр» деп аталуы – сау-саламат кісіні ауру тіпті, жынды етіп қоюында. Сиқыр жасалған адам бір жағдайдан екінші халге ауысады. Бұл туралы Ибн Айшаның:

– Дені сау адам сиқыр жасалуы арқылы дертке шалдыққан. Сондықтан ертеде арбтар  мұны «сиқыр» деп атаған – дейді.  Сиқырдың шариғаттағы мағынасын ғұламалар: «Сиқыр дегеніміз – бір нәрсені түю, бір нәрсеге дем салу, бірнеше сөздерді жазып ауызбен күбірлеп айту». Бұған Құранда айқын дәлел бар: «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен. Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте (сиынамын) де» (Фарақ, 4-5).

Сиқырды әдетте іші тар, пейілі жаман пасық адамдар жасайды Фаһруддин әр-Рази: «Сиқыр сөзі – шариғатта себебі белгісіз, болмысы  өзгертілген, айла мен қулықтан құралған амал» – деп сиқырдың мағынасын тарқатады.

Сиқыр ерте заманнан бар. Сондықтан оны Құран бізге сонау перғауындар кезіндегі Мұса пайғамбарға қатысты қиссаларда баяндайды:

«Сиқыршылар келген кезде, Мұса: «не қоймақшы болсаңдар, қойыңдар» деді. Олар қойғанда, Мұса: «Бұл келтіргендерің сиқыр, күдіксіз Алла оны бұзады. Расында, Алла бұзақылардың ісін жөндемейді», - деді» (Юнус, 81). «Оң қолыңдағы (таяқты) таста! Олардың жасағандары -   сиқыршының ғана айласы. Сиқыршы қайда барса да құтылмайды» дедік» (Таһа, 69).

 Ибн Қуддама (Алла оны рахым етсін) сиқыр туралы: «Сиқыр – сиқыр жасалған адамның денесіне немесе жүрегіне яки болмаса ақылына жасырын түрде теріс әсерін тигізетін түйін жасау, дем салу және арнайы айтылатын сөздерді сөйлеу, жазу немесе арнайы амалдарды жасау.

Расында, сиқыр бар нәрсе. Олар әртүрлі: адамды өлтіреді, сырқатқа шалдықтырып, ерлі-зайыптыларды бір-бірінен айырады немесе екі адамды бір-біріне жек көрінішті етеді, яки екі адамның арасын жақындатады», – деп айтқан.

Ибн әл-Қоййм: «Сиқыр жасалған адамды сиқырдан арылтудың екі жолы бар: біріншісі, сиқырға қарсы сиқыр жасау. Бірақ, бұл шайтанның амалынан саналады. Екінші жолы – Аллаға мінажат ету және Құран аяттарымен емделу. Шариғатта бұл рұқсат етілген», – деген.

Ибн Аббастан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Кім жұлдызға қарап болжаудың кішкене бір бөлігін алса, онда сиқырдың бір бөлігін алғанмен тең», – деп айтқан хабары жеткізіледі (Әбу Дәуд).

Жоғарыда айтқанымыздай, сиқыр, бүркеме және алдау жолдарымен жасалғандықтан, сиқыр қылынған адамға жасамаған амалдарын, жасаған сияқты көрсетеді.

Кейбір ғалымдар бұл мәселеге қатысты: «Сиқыр жасалған адамды сиқырдан арылтудың екі жолы бар: біріншісі, сиқырға қарсы сиқыр жасау. Бірақ, бұл шайтанның амалынан саналады. Екінші жолы – Аллаға мінажат ету және Құран аяттарымен емделу. Шариғатта бұл рұқсат саналады», – деп тұжырым жасаған.

 

         Жалғас Садуахасұлы

Медиа

Жоғарыға