maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

АҚЫРЕТТЕ СИҚЫРШЫНЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ БОЛМАЙДЫ (Екінші бөлім)

АҚЫРЕТТЕ СИҚЫРШЫНЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ БОЛМАЙДЫ  (Екінші бөлім)

Алла тағала Ібіліске ақыретке дейін еркін өмір берді. Ол осы аралықта адамның бойына кіреді, қасында жүреді. Иманы әлсіз адамдарды азғырады, азғындық жасатады. Негізінде шайтанның адамзатқа қарсы қолданатын айла-шарғылары әлсіз. Ол бар болғаны сыбырлап азғырады. Алла тағала былай дейді: «Шындығында шайтанның айласы әлсіз» (Ниса, 76).

 

Сахабалардан кейін келген табиғин Қатада есімді ғалым мынадай риуаят келтіреді:

«Ібіліс жерге түсірілгенде:

– Уа, Раббым! Маған лағынет айттың, ендігі айналысатын ісім қандай? – деп сұрайды.

Алла Тағала:

– «Айналысатын ісің – сиқыр» – деп жауап берген.

Шындығында шайтанның бар құралы – азғыру. Уәдесі де сағым секілді азғырынды дүниелер. Бірақ, оның бұл дүниедегі кәсібі азғыру мен сиқыр болғандықтан, сиқыршы және көріпкелдермен бірігіп қолынан келгенін аянып қалмайды.

Ібіліс сырт көзге күшті, қуатты сияқты болып көрінгенімен, ол өзінің әлсіздігін мойындайды. Оның бар әдісі адамды азғындыққа шақырып, азғыру. Ол бұл сөзін барлық іс тәмам болғанда, қиямет күнінде айтады екен. Құран Кәрімде былай делінеді: «Бәрі біткенде шайтан: «Шындығында, Алла сендерге шынайы уәде берген еді. Ал, мен сендерге жалған уәде бердім де, оны бұздым. Менде сендерге қарсы ешқандай да билік болмаған еді. Тек мен сендерді шақырдым – сендер маған жауап бердіңдер. Сондықтан да мені кінәламаңдар, өздеріңді кінәлаңдар. Мен сендерге еш көмек бере алмаймын, сендер де маған еш көмек бере алмайсыңдар. Сендердің бұрын маған құлшылық қылғандарыңа менің ешқандай қатысым жоқ», – дейді. Шындығында, залымдарға күйзелтуші азап болады» (Ибраһим, 22).

Ібіліс малғұн бұл дүниеде сиқыршыға қамқорлық қылғанымен ақыретте оны жалғыз қалдырады. Ол артынан ерген әскерін тастап басымен қайғы болады. Себебі, аятта көргеніміздей «менің сендерге қатысым жоқ» деп жауапкершіліктен бас тартады.  

Төмендегі оқиғадан Ібілістің және оның артынан ерген әскердің тозаққа баратыны және сиқыршының ниетіне қарай күнә істерін жалғастыра беретінін көреміз. Бұлай дейтініміз сиқыршының ұстазы –  Ібіліс. Ал, Ібіліс малғұн ақыретке дейін түзу жолға түспейді. Бірде пайғамбар (с.ғ.с.) оны Аллаға тәубе жасауына шақырды. Егер ол тәубе етсе, онда оған шапағатшы болатыны туралы айтады, бірақ, Ібіліс бұдан бас тартты.

Ібіліс малғұн өз жағдайын Алланың елшісіне (с.ғ.с.) былай  түсіндірген:

 – Уа, Мұхаммед! Біреуді теріс жолға түсіру үшін қолымда билік жоқ. Мен тек қана азғырамын, бір нәрсені әдемі қылып қана көрсетемін. Егер теріс жолға түсіру қолымда болса жер жүзінде «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі» деген әрбір пендені, ораза ұстап, намаз оқығанын да қалдырмай барлығын теріс жолған түсірер едім.

– Уа, Мұхаммед! Сенің қолыңда да адамды түзу бақыттылық жолына түсіру құдіреті жоқ. Сен тек Алланың пайғамбарысың. Сенің міндетің – тура жолды насихаттау, жариялау, ескерту. Адамды түзу жолға салушы да, теріс жолға түсіруші де – Алла.

Бұдан кейін пайғамбар (с.ғ.с.) Құранның мына екі аятын оқыды: «Егер Тәңірің қаласа, адам баласын түгел бір қауым ғана етер еді. Тәңірдің кеңшілігіне ие болған біразы болмаса, басқасының барлығы жік-жік болып кетті» (Һуд, 119). «Әуелде Тәңір жазған әмір екі болмайды» (Ахзаб, 38).

Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деді:

– Ей, лағынет! Сенің тәубеге келіп, Аллаға бойұсынуың мүмкін емес пе? Мен сенің жұмаққа кіруіңе шапағатшы болайын. Саған сөз беремін...

Бұған Ібіліс малғұн:

– Уа, Алланың елшісі! Барлық нәрсе жазылған үкімге сай орындалды...

Бұл әмірді жазған қаламның сиясы кеуіп кетті. Қиямет күніне дейін болуы тиіс нәрселер болады...

Сені пайғамбарлардың мәртебелісі, жұмақ иелерінің насихатшысы, адамзатың арасынан таңдап алған, ең сүйікті қылған және мені жамандық атаулының басшысы, тозақ иелерінің көшбасшысы қылған – Алла, барлық кемшіліктен пәк! – деп Ібіліс малғұн әңгімесін тәмамдайды (Шаджарату әл-Каун).

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Жоғарыға