maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Хадис – ақылдың көзі

Хадис – ақылдың көзі

(Алтыншы бөлім)

 

Өткен мақалымызда пайғамбардың (с.ғ.с.) Әбу Дарда есімді сахабаға ашуға берілмей өзін ұстауға кеңес бергені жайында айттық. Ашудың адам баласына келтірер кесірі мен зардабы туралы түсіндірдік. Енді бұл мақалада ашуды жеңу жолдары айтылады. Себебі, Ислам ғалымдары ашудың жаман қасиетін көрсетіп қана қоймай, оның дауасын ұсынып, одан құтылудың жолдарын да көрсетеді. Сонымен ашушаңдықтан құтылуға қатысты кейбір әдістер мыналар: адамның өзін кешірімділік, байсалдылық және сабырлылық пен тұрақтылыққа үйрету.

 

Бір хадисте әлі мұсылман болмаған Зәйд ибн Сағинаның пайғамбарлык қасиетке ие ме деп тексеруді көздеп бір күні пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келгені туралы оқиға риуаят етіледі. Сөйтсе пайғамбардың (с.ғ.с.) кешірімшілдігі ашуынан озық тұрады. Ал надан адамның ақымақтығы пайғамбардың (с.ғ.с.) бойындағы мейір-шапағатын арттыра түседі екен. Зәйд әлгі уәделескен мезгілі жетпесе де өте өрескел түрде пайғамбардан (с.ғ.с.) қарызын қайтаруды талап етеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған күлімсіреп жылы жүзбен жауап қайтарады. Омар ибн Хаттаб (р.а.) Зәйд ибн Сағинге жеки бастағанда пайғамбар (с.ғ.с.) екеуіне де өнеге болатын сөз айтады. Ол былай дейді:  

«Уа, Омар! Біз басқа нәрсеге көбірек мұқтаж едік: сен маған қарызды дер кезінде қайтаруымды әмір етіп, оған қарызын қайтаруымды лайықты сұрауын бұйыруың керек еді». 

Осыдан кейін пайғамбар (с.ғ.с.) оған тек қарызын ғана қайтарып қоймай Омар ибн Хаттаб (р.а.) оның зәресін алғаны үшін айыппұл ретінде қарызына қосымша тағы бірдеңе қосып беруге бұйырады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) осындай сөздері мен мінезіне тән болған Зәйд Исламды қабылдады (Ибн Хиббан, Хаким, әт-Тирмизи). 

– ашуы келген адамның өзін тежеуі; ол үшін ашулы адам ашудың салдарынан нендей жамандыққа тап болатынын және кешіре білсе қаншалықты марапатқа ие болатынын есіне алуы тиіс. Алла Тағаланың мына аятын ұмытпауы лазым: «Сондай-ақ ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли Имран, 134). 

Сондай-ақ, бир риуаятта имам Ахмад пайғамбардың (с.ғ.с.) былай дегенін келтіреді: «Менің ең жақсы көретінім – пенденің өз ашу-ызасын тоқтатуы. Себебі ол Алланың разылығы үшін ашуын тоқтатқан сайын Алла оның жанын міндетті түрде иманмен толтырады». 

– Адамды жиі азғыратын шайтанға қарсы Алла Тағаладан пана сұрау. 
Алла Тағала: «Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, онда Алладан пана сұра. Өйткені Ол – бәрін Есітуші, бәрін Білуші», – деген (Ағраф, 200). 

Бір күні пайғамбардың (с.ғ.с) алдында екі адам өзара сөзге келіп қалды да, оның бірі ашумен екіншісін тілдеп, беті алаулап қызарып кетеді. Оны көрген пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында мен сондай сөзді білемін, егер оны айтқан болса, міндетті түрде тынышталар еді. (Егер ол): «Карғысқа ұшыраган шайтаннан Алладан пана сұраймын», – деп айтса, онда (ол ашуын) басар еді», – деген (әл-Бұхари, Муслим). 

– Ашуланған адам тұрған жағдайын өзгертуі керек, яғни, отыру керек немесе ахуалын өзгертуі тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендерден кім ашуланғанда тұрған болса – отырсын, ашуы (сонда да) қайтпаса, жатсын», – деген (Ахмад, ӘбуДәуд). Расында да түрегеп түрған адам отырған немесе жатқан адамға қарағанда кек алуға, қол жұмсауға жақын әрі дайын тұрады. 

– ашулы кезде сөйлемеген мақұл. Себебі, сөйлесе, сөзіне қарсы ашуын келтіретін жауап естуі мүмкін. Шын мәнінде өзі айтқысы келмеген сөзді айтып қалуы да ықтимал. Кейін, сол үшін қатты өкінуі мүмкін. Сесебі,  пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендерден кім ашуланса, үндемесін», – деп үш рет қайталаған (Ахмад, әт-Тирмизи, Әбу Дәуд). 

– Дәрет алу қажет. Себебі, ашу-ыза адамның қанын қыздырып, дене қызуын көтереді, адамды ширақ қимылдайтын етеді, ал суық су оны салқындатады да қалыпты жағдайға түсіреді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деген: «Шындығында, ашу – адамның жүрегінде жанып тұрган қызыл шоқ» (Ахмад, өт-Тирмизи). Сондай-ақ пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай да хадисі бар: «Шындыгында, ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған, егер сендерден кімде-кім ашуға берілсе, дәрет алсын» (Ахмад, Әбу Дәуд). 

Хадистегі келесі мағына – ашулы адам жасаған әрекеті үшін жауапты. 

Егер ашулы адам басқаның құнды нәрсесін жойса, оны қалпына келтіруі және ол заттың құнын төлеуі тиіс. Бұл амал да Исламдағы жеке тұлғаны қалыптастырудың моральді-этикалық талаптарына жатады. 

Хадистің меңзеген келесі мағынасы – мұсылман пайдалы ақыл-кеңес алуға ұмтылуы тиіс. Ізгі болуды қалаған адам жақсылықтың түрлі жақтарын танып-білуге, пайдалы білім үйренуге құштарлы болуы қажет. Сонымен қатар, насихат пен ғибратқа құлақ салып соны бойына сіңіруге күш салғаны мақұл. Бұл хадис жеке тұлғаның кемел қалыптасуы үшін аз сөйлеп, көп амал етуге, жақсы өнегеге ілесіп, өзін-өзі тәрбиелеуге шақырады. Баяндалған хадисті қорытындылайтын болсақ, Исламда жеке тұлғаны қалыптастыру туралы хадистер көп-ақ. Біз бір хадис арқылы  «ашуды тежеу», «көркем-мінез», «байыпты және салқынқанды болу», «жақсылыққа ұмтылу», «байсалды болу», «жауапкершілік», «кеңес алу» сияқты келесі моральды-этикалық категорияларға тоқталып, бұлардың әрбіріне дін Исламда танымал аят-хадистермен нақтылауға тырыстық. 

 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Жоғарыға