maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әйгілі хадистанушы Имам Бұхари туралы үзік сыр

Әйгілі хадистанушы Имам Бұхари туралы үзік сыр

Мұхаммед ибн Исмайыл әл-Бұхари – Ислам тарихындағы ұлы мұхаддистердің (ғалым-хадистанушы) бірі. Әкесі атақты Мәлік ибн Әнастан ілім үйренуші тақуа болған. Мұхаммедтің бала кезінде әкесі қайтыс болып, оның кітаптары мұраға қалады. Он жасынан бастап хадис үйрене бастаған ол өзінің қатарластарының арасында ең үздік шәкірт болады. Он алты жасында көптеген хадистерді жатқа білетін дәрежеге жетеді. Осы жасында анасы мен ағасы Ахметпен бірге қажылыққа барып, білім іздеуін әрі қарай жалғастыру үшін анасынан Меккеде қалуға сұранады.

Имам БұхариАхмет ибн Ханбал, Әбу Мүсхир, Яхия ибн Мунхар т.б. сияқты көптеген атақты ғалымдардан сабақ алып, Бағдат, Басра, Мысыр, Дамаск қалаларында білімін жетілдіреді. Хадис іліміне қалай кіріскені туралы  сұраққа былай деп жауап қайырады: «Он бір жасқа толған шағымда Абдуллаһ ибн Мүбарак секілді хадис ғұламаларының кітаптарын жаттап алғанмын. Осыдан кейін анам мен бауырыммен бірге қажылық жасау мақсатымен қасиетті Меккеге жол тарттық. Қажылықтан кейін мен хадис үйрену үшін сол жақта қалдым. Он сегіз жасқа келгенімде сахабалар мен табиғиндердің әйгілі тұлғалары туралы еңбектерімді жаза бастадым. «Тарих» деген еңбегімді де сол кездерде Мәдина қаласында қолға алдым. Бұл еңбекті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Раузасының жанында отырып жаздым...»

Бұхари – мұхаддистердің ішіндегі ең атақтысы. Себебі, пайғамбарамыздан (с.ғ.с.) кейінгі үш ғасырлық хадистерді бір томға жинақтаған. Бұл – Ислам тарихында Құраннан кейінгі кітап болып табылады.

Имам Бұхари әйгілі еңбегі «Сахих» туралы былай дейді: «Бір күні мухаддис Исхақ ибн Рахуяның мәжілісінде отыр едік. Достарымыздың бірі: «Хазірет пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін бір жерге жинақтаған ерекше бір кітап жазсаңыз қайтеді?» деп ұсыныс жасады. Осы тілек менің көңіліме орнап қалды да, бұған дейін жинаған 600 мың хадистерді сұрыптап, «Сахихымды» жазып шықтым. Бұл еңбегіме әрбір хадисті орналастырудан бұрын ғұсыл құйынып, екі рәкат намаз оқитынмын». Міне, осыдан-ақ имам Бұхаридың хадисті жинау ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын байқаймыз.  

Оның бойында жақсы қасиеттер өте көп болған. Оның ішінде, әсіресе, екі қасиеті аңызға айналып кеткен: ол, біріншіден, өте аз сөйлеген, ал, екіншіден, өзгелерге көреалмаушылық танытпаған.

Имам Бұхари өз сөздерінің бірінде: «Алланың құзырына барған кезімде біреулердің сыртынан өсек-ғайбат жасаған болып есепке тартылғым келмейді», – дейді. Бұл сөзден әр мұсылманның өзіне қояр талабы қандай болуы тиіс екенін аңғарамыз. Бүгінде, өкінішке қарай, «Алланың құзырына барған кезімде...» деген сөз көп айтыла бермейді. Айтыла қалған күннің өзінде, «о дүниеге кім барып келген екен?» деп сенімсіздік танытамыз. Сол кезде дүниеде айтқан өтіріктерім, жасаған қателігім үшін не деп жауап беремін, тәкаппарлығым мен жалқаулығым себепті жіберген қателіктерімді қалай өтеймін деп, тәубеге келе қоюымыз қиын.

Сондай-ақ оның дос-жораларының бірі Мұхаммед ибн Йусуф: «Оның қасында болған бір түнде оның 18 рет орнынан тұрып, шам жаққанын көрдім. Әр тұрғанында ақылын мазалап жүрген бір түйткілді шешіп отырды», – деп имам Бұхаридың еңбекқорлығын еске алады

Ендеше, имам Бұхаридың жеке тұлғасында да алынатын үлгі-өнеге өте мол. «Тарихул Бағдад» деген еңбекте Бұхаридың қай қалаға барса да, халыққа уағыз айтып насихат жасайтыны және оның бұл мәжілістерінен мыңнан астам адам пайда алатыны келтірілген. «Бір ауыз ердің сөзінде мың кісінің хақы бар» деп, белгілі жырау Алмас Алматовтың айтып жүргені – оның осындай өміршеңдігінің белгісі.  

Міне, сондай жиындардың бірінде Имам Бұхаридің есте сақтау қабілеті сыналады. Ибн Адидің айтуы бойынша, ол Бағдатқа келгенде атақты ғалымдар оның білімін тексермек болады. Олар 100-ден астам хадистің мәтіндері мен оларды жеткізушілердің орындарын ауыстырып қояды. Бірінің жеткізушісін екінші бір мәтінге тіркеп айтады.

Хадистерді тыңдаған Бұхари олардың мәтіндерінің де, дереккөздерінің де ауысып кеткенін айтып, жүз хадисті орын-орнына қойып, жатқа айтып береді. Түрлі ислам мемлекеттерінен келген ғалымдар мен мұхаддистер оның білімі мен есте сақтау қабілетіне таң қалады. Сол кезде Бағдадтық хадисші ғалым Мұса ибн Харун әл-Хаммал өз сезімін былайша бөліседі: «Бүкіл Ислам жұртшылығы тағы бір Бұхариды шығару үшін бірге жиналса да, ондай кісіні енді қайтып шығара алмайды», – дейді.

Бір кісі Бұхаридан 25 мың дирхам қарыз алып, қайтармай жүреді. Достары сотқа шағымдануға кеңес бергенде ол қарсылық танытып: «Егер мен биліктен көмек сұрайтын болсам, олар менен өздерін қызықтырған тақырыптарына пәтуа беруімді сұрайды. Ал, мен өз дінімді болмашы нәрсеге бола сатып кетпеймін», –дейді. Бірақ достары болған жайды билік басындағыларға жеткізеді. Бұл туралы Бұхаридің өзі білгенде билікке қарызданушыны жария етпеуді сұрап, жыл сайын он дихремнен беріп тұратындай етіп келісім-шарт жасап хат жолдайды.

Ол  білім алуға барған елінен кітаптар ала келетін. Бірде қызметшісі оның бөлмесін жинамақ тұрмақ, кітаптардың тым көп болғандықтан, аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтады. Содан кейін Бұхари түнде тұрып жинаған хадистерін санайды. Бас аяғы 200 мың хадис екен. Ал, есте сақтап алғандары қаншама?

  Нишапур халқы атақты ғалымның сол қалаға келе жатқанын естіп оны қарсы алуға үш күндік жолға тізіліп тұрған. Осыдан кейін Бұхари Белхке, сосын Бұхарға аттанады. Самарқанға жақын жердегі Хартанк қаласындағы туыстарына барып, сол жақта науқастанып қалады. Һижра бойынша 256 жылы Рамазанға қараған түні, яғни 1-қыркүйекте қайтыс болады. Алла Тағала имам Бұхариды рақым-мейіріміне алсын.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,

«Асыл сөз media» шығармашылық бірлестігінің директоры

Медиа

Жоғарыға