maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Муташабиһ аяттарды қалай түсінеміз?

Муташабиһ аяттарды қалай түсінеміз?

Өзінің затын тануда ақылды шектеп қойған, таңғажайып жаратылыстармен, ешкімге ұқсамайтын істерімен, сипаттарымен Өзінің бар екенін дәлелдеген, теңдессіз Алла тағалаға мақтаулар болсын.

 

  لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُالْبَصِيرُ          

«Оған ұқсас ешнәрсе жоқ. Ол – естуші әрі толық көруші» (Шура, 11).

Жаратылыстың ең құрметтісі – Пайғамбарымызға саллаллаһу алейһи уа саллам, оның жанұясына, сахабаларына және олардың ізінен ергендерге Алланың сәлемі мен игілігі болсын.

Әртүрлі ағымдар мен бидғатшылардан дінді қорғауға шамасы жеткен кісіге оларға қарсы жауап беру – парыз, бұл істен қайтару – бұйырылған іс. Бәрімізге белгілі, кезінде муғтазила мәзһабы кең тарады, тіпті халифалыққа  дейін жетті. Сонымен бірге Алла тағаланы жаратылысқа ұқсатушы ағымдар да пайда болды. Мұғтазила мәзһабы қазірде жоқ, оның тек аты ғана қалған. Дегенмен Алла тағаланы жаратылысқа ұқсатушы топтар қазіргі күнімізге дейін кездесетінін білеміз.

 Алла тағала Құранды араб тілінде түсіргендіктен, сахабалар аяттағы мағыналарды түсінетін. Ибраһим сүресінің 4-аятында былай  дейді:

  وَمَا أَرْسَلْنَا مِنْ رَسُولٍ إِلَّا بِلِسَانِ قَوْمِهِ لِيُبَيِّنَ

«Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп, елінің тілінде ғана жібердік».

Алла тағала Пайғамбарымызды саллаллаһу алейһи уа саллам елшілердің мырзасы етіп жіберген әрі Оған құранды еліне түсінікті тілде түсірген. Сол үшін де сахабалар  أُحِلَّ لَكُمْ لَيْلَةَ الصِّيَامِ الرَّفَثُ إِلَى نِسَائِكُمْ  («Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді») деген аяттағы «رفث» сөзін «қосылу» мағынасында түсінген. Себебі бұл сөз «әдепсіз сөз сөйлеу» деген мағынада да қолданылады.

 

وَلَا تَجْعَلْ يَدَكَ مَغْلُولَةً إِلَى عُنُقِكَ وَلَا تَبْسُطْهَا كُلَّ الْبَسْطِ فَتَقْعُدَ مَلُومًا مَحْسُورًا

 «Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң болма әрі бір-ақ берме» (Исра, 29) деген аятты да сараң, жомарт мағынасында түсінген. Сол секілді төмендегі аяттарды да тура мағынада түсінбеген. Себебі сахабалар бұлардың Алла тағалаға лайық мағынада ғана айтылғанын білетін.

 

 مَطْوِيَّاتٌ بِيَمِينِهِ

«Оң қолымен бүктеледі». Зумар, 67

 

ثُمَّ اسْتَوَى عَلَى الْعَرْشِ مَا لَكُمْ مِنْ دُونِهِ مِنْ وَلِيٍّ

«Сосын аршыны меңгерді. Сондықтан сендердің Одан өзге ешбір иелерің жоқ». Сәжде, 4.

 

بَلْ يَدَاهُ مَبْسُوطَتَانِ يُنْفِقُ كَيْفَ يَشَاءُ

«Керісінше Алланың құдірет қолдары ашық, қалағанынша береді». Майда, 64.

 

يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ

«Алланың құдірет қолы олардың қолдарының үстінде». Фатх, 10.

Құран шешендік өнер шарықтау шегіне жеткен кезеңде түсірілді, сахабалар аяттардың қайсысы тура мағынада, қайсысы ауыспалы мағынада екенін жақсы білген, сол үшін де олардың мағыналары жайлы сұрамаған. Мәселен, біз біреуді сипаттап «қолы ашық кісі екен» десек, ешкім де оның мағынасын сұрамайды. Бәріміз де бұл сөзден ол кісінің жомарт екенін түсінеміз және де мұны тура мағынада қолданылып тұр деп айтпаймыз. Ал егер де сахабалар аят не хадисті Алла тағалаға лайық мағынада түсінбесе, сол сәтте-ақ сұрап алатын. Себебі олар жаңа айдың тууы, хайыз, жетімнің ақысы, напақа секілді өздері түсінбеген нәрселер жайлы сұрағанда, Алла тағаланың сипаттарын түсінбеген кезде қалайша сұрамастан, үнсіз қалуы мүмкін?! Алла тағаланы тану діннің негізі, ілімдердің ең ұлысы емес пе?! Себебі бір шөл арабы Пайғамбарымыздан саллаллаһу алейһи уа саллам «Ілімдердің ең ұлысы қандай ілім?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам «Алланы тану ілімі» деп жауап берген.

Ислам діні кең тарады, көптеген ұлт өкілдері, дін өкілдері ислам дінін қабылдады. Олар араб тілін жетік білмегендіктен, аяттардың мағынасын дұрыс түсінбегендіктен Алла тағалаға дене беретіндей күмандарға түсіп қалды. Немесе дін дұшпандары аяттарға Алла тағалаға лайық болмайтын мағына беріп, кемшілік сипаттармен сипаттады не кейбір сипаттарын жоққа шығарды, нәтижесінде Алла тағаланың сипаттары жайлы түрлі қате пікір мен бұзық ойлар тарады. Осындай бүлік шыққан уақытта хақ иелері дінді қорғау мақсатында тәуил жасауға мәжбүр болды. Олардың ойларының қате екенін құран аяттарымен, араб тілінің ережелерімен және ақли дәлелдермен дәлелдеп, оларға қарсы жауап беріп отырды. Енді бір топ сахабалар үндемегені секілді бұл аяттар жайлы сөз қозғамады. Яғни сахабалар аяттан Алла тағалаға лайық мағынаны түсінген де, үндемеген. Егер кімде-кім сахабалар бұл аят-хадистерден тәшбихті (ұқсату), тәжсимді (дене мүшелермен сипаттау) түсінген де үндемеген десе, сахабаларға жала жапқан болады.

Тәуил жасаудың дұрыс екендігі жайлы бірнеше көзқарастар бар:

1)    егер қарапайым қауым Алла тағаланың сипаттары жайлы күманға түсіп қалса (яғни Алланың сипаттарының бірін лайық болмайтын мағынада түсінсе), білім иелері араб тілінің қағидаларынан шықпаған түрде Алла тағалаға лайық мағына беріп ашықтамаса, қарапайым халық жүректегі күманнан қалай құтылады? Алла тағаланың сипаттары жайлы күмандануымызға әсте болмайды. Ендеше, жүректе күман болғаннан, сол ойлардан арылу үшін тәуил жасағаны абзалырақ емес пе?!

2)     Адамдар күманға түсіп қалғанда, үндемей тұру бұл аяттарға сәйкес келмейді:

         هَذَا بَيَانٌ لِلنَّاسِ

 «Бұл (Құран) адам баласы үшін ашық түсінік». Әли-Имран, 138.

 

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَكُمْ بُرْهَانٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَأَنْزَلْنَا إِلَيْكُمْ نُورًا مُبِينًا

«Ей, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік». Ниса, 174.

         

بِلِسَانٍ عَرَبِيٍّ مُبِينٍ

«Ап-ашық бір араб тілінде». Шұғара, 195.

 

لِيَدَّبَّرُوا آيَاتِهِ وَلِيَتَذَكَّرَ أُولُو الْأَلْبَابِ

«Аяттарын түсінсін әрі ақыл иелері үгіт алсын». Сад, 29.

 

قَدْ جَاءَكُمْ مِنَ اللَّهِ نُورٌ وَكِتَابٌ مُبِينٌ

«Расында сендерге Алладан бір нұр және ашық бір кітап (Құран) келді». Майда, 15.

 

لِتُبَيِّنَ لِلنَّاسِ مَا نُزِّلَ إِلَيْهِمْ

«Адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік». Нахл, 44.

Құран адамдарға түсінікті тілде түскенін айттық, дегенмен Құранда мұққатаға әріптері бар, олардың мағынасын қалай түсінеміз? Бұл жайлы бірнеше көзқарастар бар:

1)    Ибн Аббас (р.а.): «Әріп сөздерді білдіреді, мағынасын Алла біледі»;

2)    Құран сөздерден, сөздер әріптерден құралған. Алла тағала адамдарға Құран аяттары секілді бір аят келтіріңдер деп бәсекеге шақырды, дегенмен олар осы әріптер секілді бір аят та келтіре алмады. Мұнда үлкен ғибрат бар;

3)    Кітап иелеріне белгі ретінде келтірілген;

4)    Ибн Аббас (р.а.): «Бұл – сүрелердің аттары»;

5)    Құран әріптерден құралған, сол әріптердің құрметі үшін олармен серт қылып жатыр;

 Құран араб тілінің ережелеріне бағынбайтын  түсініксіз мағынада келуі мүмкін емес. Оларда ешбір мағына болмаса, бос сөз болып қалады. Алла тағала бос сөз сөйлеуден пәк.

 Мына аят-хадистерге назар аударайық:

 

وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْكُمْ وَلَكِنْ لَا تُبْصِرُون

«Негізінде өліп бара жатқанға біз жақынырақпыз, сендер көрмейсіңдер». Уақиға, 85.

 

 وَاسْجُدْ وَاقْتَرِبْ

«Аллаға сәжде қыл, жақында». Алақ, 19.

        

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ

«Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын». Бақара, 186.

 

وَهُوَ مَعَكُمْ أَيْنَ مَا كُنْتُمْ

«Ол қайда болсаңдар да сендермен бірге».Хадид, 4.

 

قَالَ لَا تَخَافَا إِنَّنِي مَعَكُمَا

«Қорықпаңдар, сендермен біргемін!»-деді». Таһа, 46.

Ешбір ғұлама бұл аяттардағы «жақын» сөзін арақашықтық     мағынасында түсінбеген, «бірге» сөзін затымен бірге болды деп айтпаған әрі тәуил қылуға барлығы келіскен, тіпті сыртқы мағынасын алатындар да.

         .

كنتسَمْعَه الذي يَسْمَعُ به، وَبَصَرَه الذي يُبْصِرُ به، وَيَدَه التي يَبْطِشُ بها

«Еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы боламын...»

 

وإن تقرب مني شبرا تقربت إليه ذراعا وإن تقرب إلي ذراعا تقربت منه باعا وإن أتاني يمشي أتيته هرولة

«Егер пендем маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Егер Маған бір құлаш жақындаса, Мен оған бір қадам жақындаймын. Егер Маған жай жүріп келсе, Мен оған тез жүріп барамын».

Бұл хадистердің де ауыспалы мағынада қолданып тұрғандығына ешкімнің таласы жоқ. Ендеше, барлығы да бұл аят-хадистерді  тәуил қылуға келіседі екен, неге  يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْдеген аяттарды тәуил қылмасқа?! Бұлайша кейбір аят-хадистерге тәуил жасап, енді біріне тәуил жасау дұрыс емес деу аят-хадистерге үкім шығару болып саналады. Егер араб тілінің ерекшелігіне сай және ақыл да қабылдайтын Алла тағалаға лайық мағынада жорамалдасақ, ілімде берік әрі шайтанның азғыруынан аман боламыз. Кімде-кім сахабалардың жолын не тәуил жасауды ұстанса, ол – тура жолда. Егер Алла тағалаға лайық болмайтын сыртқы мағынада түсінсе, ол – бидғатшы.

Құран Кәрімде «Алланың яды», «Алланың уажһі» деп келетін бірнеше аяттар бар. Бұл аяттарды қалай түсінеміз? Бұл аяттарды тура мағынада түсінуімізге бола ма? Тәпсіршілер бұл аяттарды қалай тәпсірлеген?

 

يُرِيدُونَ وَجْهَهُ

«Оның дидарын тілегендер». Анғам, 52

Бұл аятты белгілі тәпсірші Қуртуби: «Аллаға бойсыну, тек Оның разылығын қалап, құлшылықты жалғыз Алла үшін ықыласпен орындау» деп тәпсірлеген.

 

وَيَبْقَى وَجْهُ

«Раббың өзі қалады». Рахман, 27.

 

  كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ إِلَّا وَجْهَهُ

«Оның өзінен басқа әр нәрсе жоқ болады». Қасас, 88.

Бұл аят жайлы Қуртиби: «Алланың өзі қалады» деп айтқан. Басқа да тәпсіршілер Алланың өзі қалады деп түсіндірген.

Дохак және Әбу Убайда: «Алланың өзі қалады»,-деген.

وَيَبْقَى وَجْهُ аятын тура мағынада түсіну әсте мүмкін емес. Алла тағаланың заты мәңгілікпен сипатталған, яғни мәңгі қалатын Өзі. Егер бұл аятты тура мағынада алатын болсақ, барлық нәрсе жоқ болады да Алланың «жүзі» ғана қалады деген мағына шығады. Бұлай түсінуге мүлдем болмайды.

 

يُرِيدُونَ وَجْهَ اللَّهِ

«Алланың ризалығын көксегендер». Рум, 38.

Бұл аяттардағы «وجه» сөзін ауыспалы мағынада түсінеміз. Себебі бас, жүз – адамның негізгі мүшесі. Адамның бір нәрсені ұнатып-ұнатпағаны жүзінен байқалады. Адамдардың ойлау мүмкіндігіне сай Өзінің разылығын осы сөзбен білдірген. Инсан сүресінің 9-аятында إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنْكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا   деп келеді. «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз, сендерден төлеу, алғыс тілемейміз». Ешбір кісі бұны «Алланың жүзі үшін тамақтандырамыз» деп тура мағынада қолданылып тұр деп айтпайды, керісінше, «Алланың разылығы» деп ауыспалы мағынада түсінеді. Мәселен, арабтарда «فعلت وجهك» деген сөз бар, яғни бұдан түсінілетін мағына «сенің жүзің үшін істедім» емес, керісінше «сен үшін», «сенің разылығың үшін істедім» дегені.

 

لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَيَّ

«Құдірет қолыммен жаратқаныма». Сод, 75.

Аяттың мағынасы жайлы бірнеше көзқарастар бар:

1) «Ерекше көңіл бөлу» мағынасында, оған мысал: адамды жаратуы, жер бетіне орынбасар етуі, барлық нәрсенің атауын үйретуі, жаннатта тұрғызуы, періштелерді сәжде еткізуі және тағы басқа нығметтер. Арабтар күнделікті өмірде «бұл істі қос қолдап ал» деп қолданады. Яғни, бұл істі  аса жауапкершілікпен, бар ықыласпен, айрықша көңіл беріп орында дегені.

2) «Құдірет» мағынасында, себебі адам баласы дерлік барлық істі қолдың жәрдемімен жүзеге асырады. Не себепті екі қолды мысалға келтіріп тұр десек, Өзінің аса құдіретті екенін білдіріп тұр. Себебі бір қолдан екі қол артық. Адамдардың ойлау дәрежесіне сай осылай айтқан.

 

يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ

«Алланың құдірет қолы олардың қолдарының үстінде».

Ибн Кайсан: «Алланың жәрдемі» деп тәпсірлеген.

Ибн Кәсир: «Алла олармен бірге, олардың сөздерін тыңдап тұр әрі жүректеріндегін толық біледі, Пайғамбар саллаллаһу алейһи уа саллам арқылы олардан серт алып жатыр» деп түсіндірген.

Хасан Басри: «Алланың жақсылығы, күш-құдіреті» мағынасында қолданылып тұр».

 

بَلْ يَدَاهُ مَبْسُوطَتَانِ

«Алланың құдірет қолдары ашық». Майда, 64.

 

Бұл аят жайлы Ибн Кәсир: «Мұқтаж болған нәрселерімізді жаратқан ұлы Алла тағаланың жомарттығы» деген.

Бұл аят яһудилердің сөзіне жауап ретінде түскен. Алла тағала оларға жаңбыр жаудырмай қойғандықтан, «Алланың қолы байланған» деп сараңдықпен сипаттады. Алла тағала олардың айтқан сөздеріне, түсінігіне сай «Алланың құдірет қолдары ашық» деп келтірді. Алланың пендеге берер жақсылығы, нығметі шексіз,  оны қалаған пендесіне береді.

 

بِيَدِهِ مَلَكُوتُ كُلِّ شَيْءٍ

«Барлық нәрсенің билігі қолында». Ясин, 83.

Қуртуби: «Алла тағала әлсіздіктен, серігі болудан пәк екенін айтып жатыр. Өйткені «барлық нәрсе өз қолымда» дегенде толық билік өзінде екенін әрі толық күш-қуатқа ие екенін түсінеміз».

«يد» сөзі лұғатта бірнеше мағынада қолданылады. Мәселен, «ұстайтын құрал», яғни дене мүше дегенді білдіреді әрі «нығмет», «жақсылық», «құдірет» мағыналарында да қолданылады. Алла тағалаға дене беру мүмкін емес, сондықтан да Оған лайық болатын ауыспалы мағына беру керек болады. Нығметіне мысал: Қол жомарттықтың символы сіпетті, сондықтан нығмет мағынасында келеді.  Арабтарда «менде шүкіршілігін өтей алмайтын «яд» бар» деген сөз бар. Яғни, Алла тағала маған соншалықты көп нығметтер берген, оның шүкіршілігін еш өтей алмаспын дегені.

Құдірет мағынасында: «бұл ел патшаның қолында» немесе «менің ісім сенің қолыңда» деп те қолданылады.

   

                                                                                                 (жалғасы бар)

Абышов Аскен

 

 

 

        

 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Алла тағала мекеннен пәк 2-бөлім ИМАН МЕН АМАЛ »
Жоғарыға